Ақмола облысында жергілікті кәсіпкердің өміріне қастандық жасалды. Оған 9 қазанда Заозерный ауылының маңында оқ атқан.
ERNUR.KZ. 55 жастағы ер адам бірнеше жарақатпен Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілген. Полиция тергеу жүргізіп жатыр, - деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Біржан сал атындағы аудан полициясына жергілікті фирмалардың бірінің директорынан қылмыс жасалғаны туралы ақпарат түскен. Ер адам 26 жастағы жылқышы серіктестік аумағында белгісіз қарудан 55 жастағы тұрғынға оқ атқанын хабарлаған. Зардап шегушіні жедел жәрдеммен көрші ауданның ауруханасына жеткізген. Оған "Оң жақ аяғының сан аймағында, сол қолының білезік аймағында оқ жарақаты" диагнозы қойылған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы, 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиға орнында полицейлер тіркелмеген "ТОЗ-54" тегіс ұңғылы мылтық, сондай-ақ гильзалар мен патрондар тапты. Күдіктілерді іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Нұсқалардың бірі бойынша қылмысқа фирма қызметкерлерінің қатысы бар. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысады, қожалығында 800 жылқысы бар. Бурабай аудандық ауруханасының хабарлауынша, пациентке мекемеге түскен күні ота жасалған. Қазір жансақтау бөлімінде, жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Ер адамның санынан бірнеше оқ жарақаты бар. Шабуыл мен операциядан кейін ол сол қолының саусағынан айырылды, екінші қолына саусақтың толық емес ампутациясы жасалған. Сонымен қатар іш қуысында, санның жұмсақ тіндерінде оқтар бар. 2 дәрежелі травматикалық шок алған.