Ақмолада кәріз құдығын тазалап жүрген жұмысшы қаза тапты

0
690

Жолымбет кентінде кәріз жөндеп жүрген мамандар метан газынан уланған.


Ақмолада кәріз құдығын тазалап жүрген жұмысшы қаза тапты

ERNUR.KZ. Қайғылы оқиға Шортанды ауданының Шортанды кентінде орын алды. Кәрізді тазалау кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан коммуналдық қызметтің үш жұмысшысы уланып қалған. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Шортанды Су» коммуналдық қызметінің 3 маманы Жолымбет кентінде кәріз жөндеп жүргенде метан газынан уланған. Олардың екеуін сол жерде жүрген куәгерлер құтқарып, дереу жедел жәрдем шақырған.

Зардап шеккендердің бірі «Шортанды Су» коммуналдық қызметінің жүргізушісі Андрей Ткачевтің айтуынша, Жолымбет кентінде олар кезекті өтінім бойынша орталық кәрізді тазалауға шыққан.

«Владимир Довыдович кәріз құдығын тазалауды аяқтағаннан кейін оны үрлей бастаған. Бір кезде ол әлсіреп, сылқ етіп құдықтың ішіне отыра кетті. Ұлының уланып қалғанын көрген жүргізуші Сергей Давыдович оны алып шығу үшін құдыққа секіріп түскен. Алайда, құдық ішінде оның да жағдайы төмендеп, құлап түсті. Мен бірден өзіммен бірге су және жоғары алып шығу үшін арқан алып түстім. Бірақ құдыққа түсер-түспестен бойымнан қуат кетіп, жоғары қарай өрмелей бастадым. Қолымды сыртқа шығара бергенде бір адам мені ұстап алды. Сол тұста басым айналып, есімнен тандым», - дейді Андрей Ткачев.

Жұмысшыларды кәріз құдығынан жергілікті Жолымбет ауылының тұрғындары алып шыққан. Өкінішке қарай, 19 жастағы жігітті құтқару мүмкін болмаған. Ол ауыр метан газына уланып, сол сәтте жантәсілім еткен.

«Төтенше жағдай департаменті кәріз және су құдықтарында жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Жұмысты бастар алдында басшының тапсырмасын алған жөн. Міндетті түрде қолғап, халат сияқты жеке қорғаныс құралдарын қолдану керек», - деді Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.