Ақша аударымдарының екіге бөлінуі: Қаржы министрлігі қосымша ақпарат берді

0
737

Кәсіпкерлік қызметте мобильді төлемдерді қабылдауға мүмкіндік беретін сервистерді жасап қойған екінші деңгейдегі банктер де бар екені айтылды.


Ақша аударымдарының екіге бөлінуі: Қаржы министрлігі қосымша ақпарат берді

ERNUR.KZ. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдарды жеке және кәсіпкерлік деп бөлу туралы ұсынысқа қатысты қосымша ақпарат берді, деп жазады Tengrinews.kz.

Қаржы министрлігі өкілдері ресми сауалымызға жауапта мобильді аударымдар жеке және кәсіпкерлік болып қалай бөлінетінін айтты.

"Заңнамалық деңгейде мобильді төлемдерге анықтама беру және кәсіпкерлік қызмет үшін жеке шот пайдалану ұсынылды. Жеке аударымдарды кәсіпкерлік қызметте пайдалануға жол бермеу үшін кәсіпкерлік қызметке арналмаған шоттарды пайдалана отырып табыс түсу белгілерін айқындайтын тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлеу ұсынылады.Тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелері заңбұзушылықтармен расталуы тиіс. Мысалы, сауда нысанында аударымдарды қабылдау туралы ақпараттың болуы және телефон нөмірін көрсету, сатушының аударымды алғаны және фискалдық чек бермегені туралы тұтынушылар тарапынан шағымдардың болуы, ұзақ уақыт бойы кассалық тәртіптің төмендеуі, Мемлекеттік кірістер органдарының талаптары мен ұсынымдарын елемеу", - деді ведомство өкілдері.

Мұндай адамдардың атына талдау қорытындысы бойынша ғана бұзушылықтарды өз бетінше жою үшін хабарлама жіберілетіні айтылды. Бұл шаралар жеке тұлғаға жеке мақсатта жіберілген ақшаға және адал кәсіпкерлерге қатысты болмайды.

Бұл бастама қашан әзірленіп, мобильді аудармалар қашан бөлінетіні белгісіз.

"Бүгінгі таңда мобильді аударымдарға қатысты бастамалар мен ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдар мен банк секторымен бірлесе қаралып жатыр. Олар ұсыныстарды жария талқылау мен қабылдау үшін, оның ішінде енгізу мерзімдері бойынша ақпарат интернет-ресурста қолжетімді болады", - деді Қаржы министрлігі өкілдері.

Кәсіпкерлік қызметте мобильді төлемдерді қабылдауға мүмкіндік беретін сервистерді жасап қойған екінші деңгейдегі банктер де бар екені айтылды.