Ақтауда «Арысқа көмек» акциясы аясында 4 тонна гуманитарлық жүк жиналды

0
1 083

Зардап шеккендерге көмек көрсетуге Маңғыстау облыстық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығы, жеке кәсіпкерлер, сонымен қатар, волонтерлер мен қала тұрғындары атсалысты.


Ақтауда «Арысқа көмек» акциясы аясында 4 тонна гуманитарлық жүк жиналды

ERNUR.KZ. Маңғыстау жастарының «Арысқа көмек» акциясы аясында 4 тонна гуманитарлық жүк жиналды, деп жазады ҚазАқпарат.

Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының «Арысқа көмек» акциясы аясында «Арман» коворкинг орталығында көмек жинау пункті ашылды. Онда Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер үшін 4 тонна гуманитарлық жүк жиналды. Оның ішіне азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмектер, жеке гигиена құралдары және бірінші кезекте қажетті заттар бар.

Зардап шеккендерге көмек көрсетуге Ақтау қаласының «Мағаш», «Масат» және «Асар-С» базарының саудагерлері, Маңғыстау облыстық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығы, жеке кәсіпкерлер, сонымен қатар, волонтерлер мен қала тұрғындары атсалысты.

«25 маусымнан бастап облыстағы барлық аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарында көмек пункті өз жұмысын бастады. Ақтау қаласы бойынша аталған акцияға 30 волонтер жұмылдырылып, арнайы ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылды. 1,5 күнде Ақтау қаласының жомарт азаматтарының қолдауымен 4 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жиналды. Сонымен қатар, қала тұрғындары әкелген тез бұзылатын азық-түлікті Маңғыстау облыстық мешіті жанындағы медресеге табыстадық. Жастарға арналған «Арман» коворкинг орталығында орналасқан көмек пункті ақшалай көмек түрін қабылдамады, ақшалай көмек көрсетемін деушілер «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына аудару керектігі түсіндірілді. Осы ретте игі іске атсалысқан азаматтарға, қала тұрғындарына алғыс айтамыз», - деп атап өтті Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының директоры Абылай Фазылбек.