Ақтауда бейтаныс ер адам әйелді аяусыз ұрып, бетін қанжоса қылған

0
646

Жәбірленуші полиция істі жеңіл баппен қарап отыр дейді.


Ақтауда бейтаныс ер адам әйелді аяусыз ұрып, бетін қанжоса қылған

ERNUR.KZ. Ақтау тұрғынын жағажайда бейтаныс ер адам аяусыз жұдырықтап, мұрнын сындырған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қалалық жағажайда демалып отырған әйелдерді таныс емес ер адам мазақ етіп, рұқсатсыз камераға түсіріп отырған. Оған әйелдердің бірі ескерту жасаған соң, арада жанжал басталады.

«Сол кезде мен баламды ойнатып отырдым. Жанжалды тоқтатуға тырысып, оларға жақындадым. Алдымнан мас ер адам шыға келді де, бетімнен ұрды. Құлап түстім, мұрным сынды, бетім қанжоса болды, бірақ ол мені тағы да ұра түсті», - дейді жәбір көрген әйел.

Оқиға орнына полиция келген. Әйел қатты соққыдан кейін есінен танып қалған. Ол ауруханада бір апта бойы емделген.

«Денсаулығыма едәуір зиян келді. Мұрнымды сындырды – 4,5 см жыртылған. Оның қолында қатты бір зат болған сияқты. Алайда полиция оны жеңіл баппен қарап жатыр. Тергеу дұрыс жүріп жатқан жоқ деп есептеймін. Ол осы уақытқа дейін кешірім сұрап келген жоқ, істеген ісіне өкінбейтін секілді», - дейді жәбірленуші.

Маңғыстау облысы полициясының хабарлауынша, аталған фактке байланысты «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталды, сараптамалар тағайындалған.