Ақтауда қандаланың көзін жоямын деп, бала өліміне әкелген алғашқы жағдай емес.
ERNUR.KZ. Ақтауда жәндіктерді улау кезінде 6 жасар бала қайтыс болды. Тағы екі балақай ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Астана арнасы.
Ақтауда жәндіктерді улау кезінде 6 жастағы бала қайтыс болды. Тағы 2 бала ауруханаға жеткізілген. Тұрғындардың айтуынша, төменгі қабаттағы екі көрші жәндіктерге қарсы өз беттерінше дәрі сеуіпті. Бірақ, бұл химиялық улау барысы өзге пәтер иелеріне ескертілмеген. Оқыс оқиғаға қатысты полицейлер «Абайсызда адам өліміне әкелу» бабымен тергеуді бастады.
Қазір жәндіктерді заласыздандырған 7-ші қабаттағы пәтер мөрленіп, жабылған. Қайтыс болған 6 жасар бала осы 7-ші қабаттың үстіндегі пәтерде болған. 3 және 4 жастағы екі бала улану диагнозымен ауруханаға жедел жеткізілгенімен, аналары жатқызудан бас тартыпты.
"Бізге токсинді улану диагнозымен түсті. Қазір 6 жастағы баланың қандай жағдайда қайтыс болғанын анықтау үшін оның денесі сот сараптамасына жіберілді. Нәтижесі, бір ай ішінде белгілі болады. Содан кейін ғана, неден көз жұмғанын нақты айта аламыз," - дейді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Азамат Сәрсенбаев.
«Көрші-қолаң бұл пәтерге қандала қаптап кеткелі қашан» - дейді. Тіпті, үйдің иесі тұрғындарды жәндіктерді бірігіп улауға шақырған.
"Тағы да 6-шы этаждан 2 баланы алып кетті. 1-ші этаждан 1 баланы алып кетті деп естідік. Құбыр бөлек болған соң иісін сезген жоқпыз. Бірақ, балаларымызды алып, біз де кетіп қалдық" - дейді тұрғындардың бірі Айман Жұматай.
Санитарлық қадағалау мамандары баспаналардың бірі дәріні базардан сатып алған дейді. Ал, екінші пәтердегілер дәрі себушілерді жалдапты. Бірақ, дәрігерлер талдау қорытындысын құпия ұстап отыр. Ал, полицейлер «Абайсызда адам өліміне әкелу» бабымен тергеуді бастады.
"Аталған факт ҚР ҚК-нің 104 бабы, 1-ші бөлімі бойынша Ақтау қаласы полиция басқармасының бірыңғай реестрінде тіркеуде тұр. Барлық қажетті сараптама жүргізу тағайындалады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде," - дейді Маңғыстау облысы полиция департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі басшысының м.а: Әйгерім Ибатуллаева.
Бұл Ақтауда қандаланың көзін жоямын деп, бала өліміне әкелген алғашқы жағдай емес. Былтыр да Мұнайлы ауданында 2 жасар бала мен 29 жастағы әйел химиядан уланып, қаза тапты. Полицейлер дәрі себушілерді ұстағанмен, тергеу әлі аяқталмапты.