Ақтауда жағажайда демалып жатқан дәрігер 6 жасар қызды құтқарып қалды

0
1 547

Суға тұншыққан қыздың ата-анасын ұзақ іздеуге тура келген.


Ақтауда жағажайда демалып жатқан дәрігер 6 жасар қызды құтқарып қалды

ERNUR.KZ. Ақтауда жағажайда демалушылар 6 жасар қыздың суға батып бара жатқанын байқап қалған. Сол жерде демалып жатқан дәрігер Болат Ишанғали оны құтқарып қалған, деп жазады Stan.kz.

Оқиға 27 маусымда кешкі сағат 20:00 шамасында «Достар» жағажайында орын алған. Болат Ишанғалидің сөзінше, ол жұмыстан кейін отбасымен бірге жағажайда демалуға келіпті.

«Сол кезде қызыммен бірге суға түсіп жүргенмін. Жұбайым шақырып, бізге жақын жерде баланың суға батып кеткенін айтты. Қызды жағаға шығарды. Оның қасына келгенімде, жүрегі ақырындап соғып тұрғаны білінді. Оны тірілтіп алу үшін қанша уақыт жұмсағанымды білмеймін. Шамамен 10 минут болуы керек. Қуанышымызға орай, оны құтқару мүмкін болды. Жағажайға келген жедел жәрдем оны ауруханаға алып кетті», - дейді Болат Ишанғали.

Дәрігердің сөзінше, ол суға батқан баланы алғаш рет аман алып қалған екен.

«Әрине, бұған дейін адамдардың өмірін құтқардым. Алайда ол ауруханада болған еді және олар – ересек пациенттер. Мұнда айта кетерлігі, қыздың ата-анасын ұзақ іздеуге тура келді. Ауруханаға қызды дәрігерлер ғана алып кетті. Артынша оның жағдайын білу үшін, ауруханаға өзім бардым. Қазір жағдайы жақсы. Алайда оқиға басқаша аяқталуы мүмкін еді. Сондықтан мұндай жағдайда әрбір минут маңызды», - дейді дәрігер.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта 6 жасар қыз ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

«Қыз бала облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілгеннен кейін, дәрігерлер оны жасанды тыныстандыру аппаратына қосты. Абырой болғанда, ол ертесі күні таңертең есін жиды. Қазіргі уақытта өзін жақсы сезінеді. Ауруханадан шығуға дайындалып жатыр», - дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілі Азамат Сәрсенбаев.