Ақтөбе облысында құлаған зымыран сынығына қатысты жаңа деректер шықты

0
737

Қазақстан-Ресей комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша, құлаған зымыран сынығы геофизикалық зымыранға жатады және ол атмосфераның жоғарғы қабатын зерттеуге ұшырылған.


Ақтөбе облысында құлаған зымыран сынығына қатысты жаңа деректер шықты

ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігінің өкілдері 9 қаңтарда Ақтөбеде құлаған зымыран сынығына қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан-Ресей комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша, құлаған зымыран сынығы геофизикалық зымыранға жатады және ол атмосфераның жоғарғы қабатын зерттеуге ұшырылған.

"Зымыран сынығы құлаған жерде жұмыстар жүргізілді. Құлаған зымыран сынығының экологияға және Ақтөбе облысының тұрғындарына еш қаупі жоқ. Сондай-ақ, ресейлік БАҚ-тардың әлеуметтік желілерге сілтеме жасай отырып, бұл зымыран сынығының "Искандер-М" зымыранына тиесілі екені жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтамыз. Қазақстан аумағындағы полигондардың Ресеймен халықаралық келісім арқылы жалданатынын еске салғымыз келеді. Министрлік ол келісімге өзгерістер енгізеді. Бірінші кезекте полигондарды пайдалануға қатысты қауіпсіздік шаралары күшейтіледі", - деп хабарлады министрліктегілер.

Еске салайық, мұның алдында Ақтөбе облысында зымыран сынығы құлағаны хабарланған болатын.

"2020 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес ҚР аумағындағы полигонды жалға алған РФ Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығулары уақытында бір зымыранның сынығы белгіленген орындардан тыс жерге құлады. Жарылыс болған жоқ. Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы зымыран сынығы құлаған аумақта зардап шеккендер мен қираулар жоқ", - делінген еді хабарламада.