Ақтөбе облысындағы шошқа фермасында тағы да шу шықты

0
1 285

2020 жылдың қарашасында аудандағы иіс пен кірден шаршаған жергілікті тұрғындар шошқа фермасын жабуды талап еткен еді.


Ақтөбе облысындағы шошқа фермасында тағы да шу шықты

ERNUR.KZ. Ақтөбеде экологияны ластады деп айыпталған шошқа фермасы тағы да дауға қалды. Бұл жолы кешен қызметкерлері кәсіпорынның кәріз жүйесін жабу туралы сот шешіміне қарсы шықты, деп жазады Tengrinews.kz.

Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылы тұрғындарының шағымдары мен сот шешіміне қарамастан, шошқа фермасының қызметкерлері өз наразылығын білдіруді жөн көрген. Олар екі автобусқа отырып, тікелей аймақ әкіміне бет алды. Олардың бірі полицейлер автобустарды тоқтатып тастағанын, бірақ жиналғандар шеруді жалғастырғанын айтады.

"Олар кәріз сорғы жүйесін жауып тастады. Сіздер мұның не екенін түсінесіздер бе? Бұл фермада 4 мыңнан аса шошқа тұншығып қалады деген сөз. Бұл экологиялық апатқа тең. Шоттарды да бұғаттап тастады, енді олар бізге жалақы төлеуді тоқтатады. Біз бұл шешімге қарсымыз, соны әкімге айту үшін бара жатырмыз", - деді ол телефон арқылы. Есімін жасырын қалдыруды сұрады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері қызметкерлермен әкімнің орынбасары кездесіп, жағдайды түсіндіріп жатқанын айтты. Сонымен қатар, баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша әкімдіктің ресми ұстанымын да хабарлады. Онда өткен жылдың соңынан бастап "Парижская коммуна ХХІ" ЖШС-да анықталған экологиялық, ветеринарлық және жер бұзушылықтарын жою үшін жеткілікті уақыт болғаны, алайда кәсіпорын басшылығы тиісті шаралар қабылдамағаны айтылған.

"Парижская коммуна ХХІ" ЖШС басшылығының кінәсінен Бестамақ ауылы ауданындағы шошқа фермасында мал өлімі басталуы мүмкін. Бестамақ ауылы ауданындағы шошқа фермасында сарқынды суларды және көң қоймасын ағызу қызметін тоқтата тұру туралы сот шешімі күшіне енгеннен кейін 9 сәуірде сот орындаушылары №1, 2, 3, 4 кәріздік сорғы жүйесіне мөр басу және көң қоймасының аумағына өтетін жерге темір-бетон блоктарын орналастыру бойынша іс-шаралар жүргізді. Еліміздің заңнамасына сәйкес, мал қырылса және қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа да салдар болған жағдайда "Парижская коммуна ХХІ" ЖШС басшылығы толық жауапты болады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 2020 жылдың қарашасында аудандағы иіс пен кірден шаршаған жергілікті тұрғындар шошқа фермасын жабуды талап еткен еді. Олардың айтуынша, шошқа қалдығы өзен суына ағып жатыр.

Артынша Ақтөбе облысының әкімі жағдайға қатысты пікір білдірді. Оңдасын Оразалин бұл дауда екі мәселе барын, шара барысы жеке бақылауында екенін айтқан болатын.

Кейін шошқа фермасының экологияға келтірген зияны 7,2 миллиард теңге деп бағаланды. Кәсіпорынға айыппұлды төлеуіне бір ай уақыт берілді.