Ақтөбе облысының егінді ауданы Әйтеке биде алқапқа киік кіріп кеткен.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы бойынша екі ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді киік таптап кетті. Аумағы 16 мың гектар болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысының егінді ауданы Әйтеке биде алқапқа киік кіріп кеткен. Қазіргі кезде шаруалар бар шығынын есептеп жатыр.
«Алқапта дән себу жұмысы аяқталған бойда киік келді, көбейіп кетті. Әйтеке би ауданының Құмқұдық ауылына Жангелдин, Ақтасты ауылдары жағынан келді деп айтсам болады. Оны қуып, кері қайтарғандай болдық. Кезекшілік те қойдық. Екі бригада жұмыс істеді. Көлікпен жүріп, күзеттік. Дегенмен киік егін алқабына кіріп кетті. Сол жерде жатты, таптап, қазып тастады жерді. Қазір егін жинау жұмыстары жүріп жатыр. Арпа егілген бір алқаптың әр гектарынан 13 центнер өнім жинадық. Ал киік кірген алқапта гектарынан 8 центнер өнім алдық. Яғни, киік кірген соң гектарынан 4 центнер жоғалтып тұрмыз. Бұл нақты дерек. Сонда бір төртбұрыш ішінен, яғни, алқаптан шамамен 200 тонна жоғалттық. Әр тоннасы 60 мың десек, біз 12 млн теңгеден айырылып отырмыз. Сонымен бірге киік жүрген жердегі алқаптың гектарынан 4 центнер бидай жиналды. Тапталмаған жерінде гектарынан 8-9 центнер алдық. Бәрін қуып жүру мүмкін емес. Біздің бригада 12-13 шақырым жерге дейін қуды, олар әп-сәтте қайтып келеді. Оны атуға, ұруға болмайды. Шаруалар киіктен өзге шегірткемен де күрес жүргізді. Қазір де қиын. 25-тамыздан бері жаңбыр жауып тұр. Бұл да кедергі келтіріп тұр ору жұмыстарына. Біз комиссия келіп, шығынды қарауын сұраймыз»,- деді «Құмқұдық» ЖШС директоры Александр Чемоданов.
Жалпы Ақтөбе облысының Әйтеке би, Қобда аудандарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді киік таптады.
«Әйтеке би ауданының Құмқұдық, Сарат, Сұлукөл, Ақтасты ауылдық округтері мен Қобда ауданың Өтек ауылында тіркелді. Барлығы 16 мың гектарға жуық жер. Шаруалар үшін егіс алқабын сақтау қиындық туғызды. Олар қаржылық жағдайына әсер ететінін хабарлады. Министрлікке хабар берілді»,- деді Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаев.
Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаев таратқан ақпаратқа сүйенсек, облыста Бетпақдала және Үстірт популяциясы бар. Бетпақдала популяциясында 100 мың, Үстіртте 30 мың бас киік тіркелді. Ал Қобда ауданы мен Ресеймен шекаралас аумақтағы Орал киік популяциясында 4 мың бас киік кездеседі. Инспекторлар киік мекендейтін аудандарда жануардың миграциясы туралы ақпарат берген.