Ақтөбеде әкесі ұл-қызымен бірге сот алдында жауап берді. Бұрынғы әріптесі өзінің «шабыт берушісін» алаяқтық жасады деп айыптап, 88 миллион теңге көлемінде ақша талап етіп отыр.
ERNUR.KZ. Зардап шеккен ер адамның сөзінше , бизнесте сотталушымен серіктес болуға арадағы достық пен ортақ діни көзқарастары себеп болыпты. Медет Әбекешов пен Темірлан Ізғалиев бірігіп, телефон сата бастаған. Олар бөлмені жалға алып, Ізғалиев телефондарды жеткізіп отырады. Осылайша, екеуінің ортақ кәсібі өрге баса бастапты. Алайда сотталушы әріптесіне табыс табудың оңай жолын ұсынған, деп жазады Stan.kz.
Ол үшін ер адам қомақты көлемде қаржы салуы тиіс екен. Сол үшін табыс түсіп отырады. Осылайша, Әбекешов 15 аптаның көлемінде апта сайын 180 мың теңге алып келіпті. Медет Әбекешовтің сөзінше, ол әріптесінен ақша алып отырған. Алайда салған миллиондаған ақшасын қайтарып ала алмапты.
«Менің есебім бойынша, ол маған 88 миллион 500 мың теңге қарыз. Соны қайтаруын талап етемін», – дейді жәбірленуші.
Бүгінде сотталушылардың қолына ақшасын ұстатқан 11 адам шамамен 500 миллион теңгесін сот арқылы қайтарып алмақ. Олар сотталушыларға діни сенімдері бір болғандықтан сеніп қалғандарын айтуда. Тіпті сотталушы олардың бірімен бірге қажылыққа барып келген. Ал сотталушылардың туыстары оларға жала жауып отырғандарын айтуда. Сотталушының әпкесінің сөзінше, оның үйіне бірнеше ер адам келіп, оларды балаларымен қоса қорқытқан.
«Олар психологиялық қысым көрсетті. Көлікке отыруға мәжбүрлеп, нотариусқа алып барып, пәтерін өз туыстарының атына жаздырып алған», – дейді сотталушының әпкесі Гүлжан Қалымбетова.
Аталған іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Әлі жәбірленушілердің бәрінен жауап алынған жоқ. Сонымен қатар миллиондаған ақшаға көліктер мен пәтерлерге қатысты ақпараттар мен істің мән-жайы анық емес.
Ал жауапқа тартылған әкесі, ұлы мен қызы өз кінәларын мойындамай отыр.