Ақтөбелік шаруалардың өріске шыққан малы шетінен қырылып жатыр

0
805

Сараптама жасағанда жануарлардың ішінен целлофан шыққан.


Ақтөбелік шаруалардың өріске шыққан малы шетінен қырылып жатыр

ERNUR.KZ. Айналасы қоқысқа толып кеткен қаланың да, даланың жағдайы адам шошырлық. Нәтижесінде, өріске шығып, көкке аузы тиген төрт-түлік целлофан жеп өліп жатыр. Осылай деген шаруалар өздерінің жанайқайын айтты. Олар өз беттерімен малдың неден өлгеніне де сараптама жасатқан, деп жазады NUR.KZ.

"Қазір қыстан шыққан малымызды жайылымға шығардық. Айнала толы – целлофан.

Ол желмен бүкіл жерге ұшып жатыр. Бұзауларымыз, сиырларымыз соны жейді. Осы соңғы бір айдың ішінде 3 бұзауым арам өлді. Сараптама жасағанда бәрінің де ішінен целлофан шықты.

Мал барлық жерде жайылып жүр. Әр сиыр, әр бұзауға бір бақташыдан қоя алмайсың.

Бұл тек менің жағдайым емес, мал бағып отырған басқалар да осы қоқыстың зардабын тартып отыр",- дейді шаруа Руслан Шүйіншалин.

Қалаға тиіп тұрған Маржанбұлақ ауылындағы көрініс жаға ұстатады. Тау болып үйілген қоқыс желдің екпінімен айналаға ұшып, далалыққа жайылып кеткен.

Үйілген қоқыс айналасында қоршау да жоқ. Полигон деуге келмейді. Тұрмыстық қалдық та, көне жиһаз, киім-кешек бәрі шашылып жатыр.

Ауыл әкімі шашылған қоқысты санаулы күнде ретке келтіруге уәде берді.

"Жайылымда мал өліп жатқанда бұл ұшып жатқан целлофанды бір аптада жинап, қалпына келтіреміз. Аудан әкімдігімен де сөйлестім. Ол кісілер техника бөледі. Екі техника келіп осы жерде жұмыс жасап, барлығын қалпына келтіреміз",- дейді Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі Жомарт Шабаров.

Ауыл әкімі шашылған қоқыс алаңы бұрын колхоз кезінен қалған полигонның орны екенін айтты. Қазір бұл маңға қоқыс төгуге тыйым салынған. Бірақ жергілікті халық ауыл маңына қоқыс төгу әдетін қояр емес.