​Ақтөбелік түрме қызметкері пышақпен жарақаттаған қылмескерді ұстап үлгерді

0
1 274

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің КА-168/3 мекемесінде бақылаушы болып жұмыс істейтін Жандарбек Әбішев қылмыс болған оқиға орнына дер кезінде жеткен


​Ақтөбелік түрме қызметкері пышақпен жарақаттаған қылмескерді ұстап үлгерді

ERNUR.KZ. Ақтөбеде түрме қызметкері Жандарбек Әбішев екі адамды құтқарып қалды. Көрші үйдің иесі әйелі мен енесін пышақтап тастаған, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің КА-168/3 мекемесінде бақылаушы болып жұмыс істейтін Жандарбек Әбішев сол күні жұмыстан соң үйінде болды. Кешкілік көрші үйдің қызы жүгіріп келіп, көмек сұраған.

«Мектеп оқушысы өзі мен отбасына қауіп төніп тұрғанын айтып, көмек сұраған кезде әріптесіміз Жандарбек Әбішев әйеліне дереу полиция мен жедел жәрдем шақыруды тапсырып, өзі оқиға орнына барады. Әйелін ұрып-соғып, кейін пышақтаған көршісін көріп, бірден оның қолындағы суық қаруын тартып алды. Қолын қайырып, далаға алып шыққан кезде полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем де жетті. Күдікті С.Мырзабеков ұсталды», - деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аға инспекторы Айнұр Табуктинова.

ҚАЖ департаментінің хабарлауынша отбасындағы ұрыс-керіс төбелеске ұласып, 37 жастағы әйел мен 58 жастағы оның анасы пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Екеуі де бірнеше пышақ жарақатын алып, ем қабылдап жатыр.

«Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің КА-168/3 мекемесі өз қызметкерінің бейжай қарамай, жедел көмек көрсеткенін үлгі етеді. Ол екі адамды ажал аузынан аман алып қалды», - деді Айнұр Табуктинова.