Ақтөбеліктердің ашуын келтірген шошқа фермасына 7 млрд теңге айыппұл салынды

0
2 629

Шошқа фермасына қатысты тексеру жұмысының қорытындысы шықты.


Ақтөбеліктердің ашуын келтірген шошқа фермасына 7 млрд теңге айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде шошқа фермасының жұмысынан бірнеше заңсыздық анықталып, айыппұл салынды, деп жазады baq.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.мәлімдеді.

Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына қатысты тексеру жұмысының қорытындысы шықты.

Тексеру кезінде сойылған шошқаның ішек-қарны, өлексесі, қатты тұрмыстық қалдықтары, құрылыс және ауыл шаруашылығы қалдықтары жүйелі түрде шұңқырға көмілгені анықталды.

Сонымен қатар бүлінген жердің көлемі анықталып, шығын көлемі 14,2 млн теңге деп есептелді. Бұдан бөлек қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен бірге тексеру кезінде 2018-2019 жылдары аралығында шаруашылықта қоршаған ортаны қорғау заңдылығы сақталмағаны белгілі болды. Мал басының саны негізсіз өскен. Жоба бойынша 40 мың бас, ал шын мәнінде 50 мың бастан астам шошқа баққан. Ағынды су Байбақты өзенінің арнасын ластаған. Серіктестік Экология кодексін сақтамай, Әкімшілік құқық бұзу кодексі бойынша үш іс қозғалды. Барлығы 7 млрд теңгеден астам шығын есептеліп, айыппұл салынды. Кәсіпкер заң бойынша 1 айда төлеуі тиіс. Егер төлемесе, бұл іс те сотқа жолданады, - деді облыстық экология департаментінің басшысы.

Берілген нұсқама аталған мерзімде орындалмаған жағдайда кәсіпорынның шаруашылық қызметін уақытша тоқтату туралы талап-арыз сотқа жолданатын болды.

Еске салсақ, қараша айының соңында Ақтөбе облысының тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап еткен болатын. Олар шошқаның ішек-қарны көмілген жерден аяқ алып жүру мүмкін емес екенін, айнала тезекке толғанын, жағымсыз иістің шығатынын айтып шағымданған еді.