Алакөлде демалушының басын скутермен жаншып тастай жаздады

0
1 134

Су скутері әйел адамның басын жанап өткен.


Алакөлде демалушының басын скутермен жаншып тастай жаздады

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны үшін Алакөлдегі жазғы демалыс қайғылы аяқтала жаздады. Оны көлге шомылып жүрген жерінде су скутері қағып кеткен. Әбүйір болғанда, ол аман қалды, деп жазады Алтайньюс.

28 жастағы Дидара Шерниязова ШҚО-ның Жарбұлақ ауылына демалуға барған.

- 20 шілде күні кешкі сағат жетілерде біз жағажайға бардық. Бұл кезде су тынық, толқынсыз болады. Мен суда жақсы жүземін, алайда сол күні мазам кетіп, шомылуға аса құлқыным болмағандықтан, суға иығыма дейін ғана кіріп тұрдым. Сол дұрыс болыпты. Көлде де, жағажайда да адам көп еді. Кенет бір дыбысты естіп, жалт бұрылып қарасам, маған қарай қара скутер келе жатыр екен. Қашып үлгермейтінімді бірден түсінгендіктен, мен суға басыммен кіріп кетіп, жасырынбақ болдым. Алайда мұнымнан түк шықпады, - дейді Дидара.

Нәтижесінде скутер әйел адамның басын жанап өтіпті.

- Мені басып кете жаздағанын өзі де түсінген жоқ. Адамдар оған дауыстап айғайлай бастаған соң ғана тоқтап, артына бұрылды. Мен бұл кезде судан шыға алмай жаттым. Ал скутердің жүргізушісі маған таңырқап қарап: «Келе жатқанда сізді көрмедім ғой» деді де, кетіп қалды. Өзі жас бала екен, ары кетсе жасы 18-де шығар. Басқа демалушылар мені жағаға алып шықты. Мен біреуді қағып кетсем, адамның сау екеніне көзімді жеткізіп, қажет болса, ауруханаға жеткізер едім, - дейді зардап шеккен демалушы.

Алайда Дидара сол күні дәрігерлердің көмегіне жүгінбепті. Скутер жанап өткен басының тұсы мен бір жақ құлағы қатты қызып, басы айналып тұрған.

- Мидың шайқалмағанына сенімді болғандықтан дәрігерге қаралған жоқпын. Сол сәтте жанымда қызымның болмағанына қуандым. Менің орнымда бала болса, жағдай қалай болар еді деген сұрақ мазалайды, – дейді Дидара.

Оның айтуынша, скутерлердің қожайындары қарапайым қауіпсіздік ережелерін де сақтамайды. Скутерлерді жағаға қойып кетеді, толқынды кесіп өтіп, күрт тоқтап, кенеттен бұрылады екен. Мұның барлығы клиенттердің назарын аудару үшін жасалатын көрінеді.

- Білуімше, скутерлерге арналған жеке пирс бар, бірақ олар оны пайдаланбайды. Бірнеше рет кішкене 12-13 жастағы қыз балаларды скутермен серуендетіп жүргенін де байқадым. Ата-аналар бұл адамдарға балаларын қалай сеніп тапсырады? Демалушылар оқыс жағдайға ұшыраса, оған кім жауапты? – деп кейіген Дидара Шерниязова енді бұл сауалдарды Жарбұлақ ауылының әкімдігіне жолдамақ.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы жаз кезінде Алакөлде ұқсас жағдай болды. Ол кезде Арбаттағы әткеншектің шынжыры үзіліп кетіп, кішкене балалар жарақат алған еді.