Алдағы қыста көмір қымбаттайды – ҚР ИИДМ

0
563

Негізгі себеп елді мекендерге газ тарту көлемінің ұлғаюы.


Алдағы қыста көмір қымбаттайды – ҚР ИИДМ

ERNUR.KZ. ҚР ИИДМ жасаған алдағы жылыту маусымына қажеттілік жоспарына сәйкес, алдағы қыста елімізде көмірді тұтыну көлемі 10 млн тоннадан 7,3 млн тоннаға дейін төмендейді, деп жазады zakon.kz.

Негізгі себеп елді мекендерге газ тарту көлемінің ұлғаюы. Нәтижесінде көмірді тұтыну 4,8 млн тоннаға дейін төмендейді (өткен қыстың көрсеткіші - 7,2 млн тонна).

Алдын ала мәлімет бойынша, биылғы бірінші жартыжылдықта коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындарға 3,4 млн тонна көмір тиелді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 31,3 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктеріне 2,9 млн тонна жөнелтілді. 14,5 млн тонна экспортқа кетті.

ШҚО, СҚО және Алматы қаласын қоспағанда, барлық өңірлер 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңінде көмір өніміне деген қажеттіліктерін растап, жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Көмір сатып алуға тендерлер жарияланып, өңірлік операторлар айқындалды.

ҚР ИИДМ-де облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен кеңейтілген кеңес өтті. Онда өңірлік билікке халыққа көмір бағасы мен маркаларын, сатылатын жерлер мен оларда көмірдің бар-жоғын түсіндіріп, тиісті ақпарат беріп отыру үшін арнайы "жедел желі" құру, көмірдің жеткізілімі мен сапасына қатысты тұрақты мониторинг жүргізу ұсынылды. Ал көмір бағасының заңсыз өсуі жағдайында монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін белсенді түрде тарту қажет.

Отандық көмір өндіруші компаниялар 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында барлығы 59,7 млн.тонна көмір (көмір концентратын қоспағанда) немесе өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 98,9% өндірді.

Көмірді негізінен төрт көмір өндіруші компания жеткізеді. Олардың нарықтық үлесі жеткізудің жалпы көлемінің 89%-на тең. Атап айтқанда, "Шұбаркөл Көмір" АҚ үлесі 28%, "Қаражыра" АҚ үлесі 25%, "Майкубен-Вест" ЖШС үлесі 25%, "Богатырь Көмір" ЖШС үлесі 11%.

Жылу беру маусымындағы көмір бағасына қатысты болжам

Салада нарықтық қатынастар орнаған жағдайда бағаны мемлекет белгілемейді. Көмір өндіру елімізде монополиялық қызметке жатпайды. Сондықтан көмір энергетикалық кәсіпорындарға разрездердің босату бағаларымен жөнелтіледі. Ал коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар мен халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржасы арқылы өткізіледі.

Биыл биржалық комитеттің хаттамасымен коммуналдық-тұрмыстық көмірді тауар биржалары арқылы өткізу жөніндегі секциялық қағидалар бекітілді. Жаңа ережелер нарықтық объективті баға индикаторларын (тұтынушылар үшін монополиялық жоғары емес және жеткізушілер үшін тиімсіз төмен емес) қалыптастыруға көмектесуге арналған.

Жаңа қағидалар бойынша өңірлік операторлар облыстың көмір қажеттілігінің 10% тауар биржасы арқылы тікелей алады. Мақсат - араға делдалдарды қатыстырмау.

Көмірдің қалған 90% көмір өндіруші компаниялар өз талаптарымен өткізе алады. Яғни, тікелей келісімшарттар, биржалық сауда арқылы. Алайда оның да бағасы монополияға қарсы органның бақылауында болады.

Дегенмен, ҚР ИИДМ мамандары көмір бағасы өткен жылға қарағанда тұтынушыларға қымбатқа түсетінін мойындайды.

Көмір өнімдері бағасының өсуіне әсер ететін кәсіпорындардың шығындарына жүргізілген талдау өндірушілердің электр энергиясына, жарылғыш заттарға және жанар-жағармайға (24%) шығыны артқанын, ал шахталық жабдыққа қосалқы бөлшектерге тариф 1,6 есе көтерілгенін растады. Орташа алғанда жалақы 8-18% өсті.

Көмір саласын мемлекет субсидияламайды. Сондықтан өндірістік шығындардың өсуі тұтынушылар үшін көмірдің құнына тікелей әсер етеді. Сарапшылардың бағалауынша маркасына байланысты көмір бағасы 9,9%- дан 24%-ға дейін өсуі ықтимал.