Әлеуметтік желіде жарияланған шағымнан соң Қарағандыдағы түрме тексерілді

0
2 512

​Семенованың шағымынан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері мен арнайы прокурорлар колонияға барған.


Әлеуметтік желіде жарияланған шағымнан соң Қарағандыдағы түрме тексерілді

ERNUR.KZ. Құқық қорғаушы Елена Семенова әлеуметтік желі арқылы Қарағанды облысындағы АК-159/6 колониясындағы зорлық-зомбылық фактілеріне шағымданған болатын. Аймақтағы қылмыстық атқару жүйесі департаменті арнайы тексеріс жүргізіп, мұндай деректерді жоққа шығарды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Елена Семенова сотталушыларға қатысты зорлық-зомбылық туралы жазбаны Facebook-тегі парақшасында жариялаған.

Қоғам белсендісінің айтуынша, өзіне Долинка ауылындағы АК-159/6 қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатқан сотталушылардың туыстары жүгінген. Олар мекеме қызметкерлері тұтқындарға жыныстық зорлық-зомбылық көрсететінін айтқан. Ал зорланбаған адамдарды осындай әрекетпен қорқытады деген болжам бар. Мұндай деректің дәлелі ретінде құқыққорғаушы сотталушылардың туыстарымен жазысқан хаттардың скринін көрсетті.

Осы жағдайдан кейін Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Елена Семенованың шағымы тексерілгенін мәлімдеді. 17 ақпан күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері мен арнайы прокурорлар колонияға барған.


"Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің АК-159/6 мекемесінде сотталған Хубиев пен Цергибель және Ибрагимовқа қатысты заңсыз әрекет фактілері болмаған. Ағымдағы жылдың 17 ақпанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесіндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратураның өкілдерімен бірлесіп, осы сотталғандарға сауалнама және физикалық сараптама жүргізілді. Олардың денесінен ешбір жарақат ізі табылған жоқ. Сотталушылар күш қолдану мен заңсыз ықпал етудің басқа да фактілерін жоққа шығарды", – делінген хабарламада.


Айта кетейік, бұған дейін АК-159/6 колониясындағы сотталушыларды ұрып-соғу фактілеріне шағымдану туралы хабарланған.