Әлеуметтік желілердегі Дениске арналған жырлар

0
2 403

Қолаңды ұшып түскен қолыма алып, Молаңды құшып тұрмын тайғанақтап...


Әлеуметтік желілердегі Дениске арналған жырлар

ERNUR.KZ. мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасы бүкіл елдің қабырғасына батқаны әлеуметтік желілердегі жазбалардан белгілі. Оған жыр арнағандардың бәрі бірдей ақын емес. Қаза қатты батқан жанның көмейінен кем дегенде бір шумақ төгіліп жатыр.

Серік Сейтман

Тағдырыңды таңып берген пышаққа
Сенің жұртың шынымен де ұсақ па?!
Мұз үстінде ойнақтаған құлыншақ,
Қинадың-ау!
Симадың-ау құшаққа!

Мирас Асан

ДЕНИС...
Үйренген жұртпыз надан – тойда мақтап,
Құшағым қайда саған жайған аппақ?
Қолаңды ұшып түскен қолыма алып,
Молаңды құшып тұрмын тайғанақтап...

Жанат Жаңқашұлы

Қош бол, боздағым,

Алаштың намысы деп боздадым.

Қанды қолды қара қарғыс атсын деп,

Сендей болып жатсын деп,

Бақсы менен жақсының аруағын қозғадым!

Ести сала,

Сұп-сұр болған мұз бетім,

Ай аңырап,

Көңіл айтты бізге түн.

Жүзімізден жас сырғанақ теуіп жүр,

Сен секілді тіліп өткен мұз бетін.

Сүйегім де,

Шытынаған мұздай болып сыр берген,

Ердің құнын сұрамай ма, кіл кердең?

Мұз-айдынды шыр айналған сұңқар ең,

Тағдыр дейтін сұр мерген…

Қош, айбозым,

Ту байлаған тұлпарым,

Затым бөтен демедің,

Арлағанда ұлт арын!

Ерін жоқтап ел аңырап тұр тағы,

Қанын жалап,

Қақпан кескен қылтаның.

Жәлел Қуандықұлы

Ерлер аз-ау, сезіне алар жер иісін,
Ез қаптаса өмірден де жерисің.
Сен - батырсың,
Мұз үстінен халқының
Жүрегіне қарғып кеткен Денисім.

Елдің күшін жиған сендік зор білек,
Қайсар рухын қанып ішкен сол жүрек.
Мәңгілікте жарылқасын алдыңнан,
Көп айтады әлі сені өлді деп...

Кенде емес ең дұшпаннан һәм достардан,
Биігіңмен адастырмай қосты арман.
Қазақ отыр күңірене көз тігіп,
Мұз айдынға бос қалған...

Қош, қарғам!

Бауыржан Ерман

Жесірін де қаңғыртпаған далаға, Ел едік қой, сыймайды еш санама. Рухына Сәттарханов Бекзаттың Біздің елден сәлем айтып бар, АҒА...

Жұлдызай Ысқақ

Мұз үстінде құстай ұшқан өренім,

Айдыныңды басты бүгін неге мұң?!

Көк тайғақта қанатымен сəн құрып,

Көк байрақты желбіреткен ер едің...

Киіміне ою-өрнек салдырып,

Күй үнімен мың бұралған шеберім!

Қазақ үшін қалықтадың қыранша,

Ұлтым басқа демедің,

Ғұрпым басқа демедің!

Халық бірге сұлап түсті бір сəтте,

Жарық күнде жалмағанда сені өлім.

Кім ойлаған ойнақтаған құлынға,

Өз қоғамы жауыз болып төнерін?!

Мұз үстінде алаулаған жалынды,

Білмедік-ау бұлай ерте сөнерін...

Жарық жұлдыз едің көкте жарқ еткен,

Бөлек еді өнерің.

Биік еді беделің.

Сен де көктен ерте ағып түстің бе?!

Бұған қалай сенемін?!.

Қош...

Ал суретші Мади Бекдаирдың студиясы спортшының бейнесін құм суретпен салып шықты. Онда Дениске періштелердің қанаты жалғанған.

Мұхтар Жақсылық

ДЕНИС інім ұмытады сені кім?

Су сепкендей басылып тұр көңілім.

Құз үстінен көрінетін қыраным,

Мұз үстінен өтіп кетті-ау өмірің!

Қайғы құшып жылап жатыр қазағым,

Мұңға айналып күрсінеді ғазалым.

Мың құшаққа сыймайтұғын алыбым,

Бір пышақтан болып кетті ажалың.

Сен еліңнің мақтанышы ең, жаны асыл,

Қош бол інім ажал құшып барасың,

Кәззаптарға айта алмаймын ештеме,

Қазақ барда сен аңыз боп қаласың!

Ақниет Төленді

Алмағайып заман болды мұнымыз.

Тал түсте кеп тонап кетер ұрымыз.

Көлік, ақша ештеңе емес жоғалтсақ.

Бірақ бүгін құрбан болды ұлымыз.

Құрбан, иә, дәл осы сөз керегі.

Деген едік әлі талай жеңеді.

Бағалы еді бүкіл халық үшін ол.

Өзі әкелген алтындардан себебі.

Үміт еді жалғыз ғана сенетін.

Денис десе ойға келер ер есім.

Ажал деген қандай сұмдық зымиян.

Жинай алмай қалды қазір ел есін.

Жарақаттан құламаған, сынбаған.

Коньки десе, Денис дейтін күллі адам.

Өзгелерді бағындырам деп жүріп,

Өз елінде құрбан болды бір балаң.

Жыла, көңіл, жанарымнан жас құла.

Талант кетті, жалғыз, мәңгі Хас тұма.

Көздің жасы көл болып жиылып,

Мұз боп қатсын конькиінің астына.