Алимент төлеуден жалтарған СҚО тұрғыны шетелден табылды

0
2 744

Облыста «Борышкер» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр.


Алимент төлеуден жалтарған СҚО тұрғыны шетелден табылды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарған – 21, банк алдында қарызы бар – 29 борышкер және 19 адам туыстық байланысын жоғалтуына байланысты іздестірілуде. «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде олардың жүрген жерлерін анықтау жұмысы күшейтілді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлағанындай, іс-шара ақпанның 17-19 аралығын қамтиды. Іздестіру жұмыстары көші-қон қызметімен және басқа да бөліністермен бірлесе жүргізілуде.

Ақпан айының басында Тайынша ауданының полиция бөліміне бауырының тағдырына алаңдаған жергілікті тұрғын жүгінген. Нәпақасын табуға кеткен ол, қыркүйектен бері байланысқа шықпаған. Ер адамның жүрген жерін анықтау үшін полицейлерге екі күн қажет болды: ол ресми түрде жұмысқа орналаспаған, астаналық шаруашылықтардың бірінде түрлі жұмыс істеп жүрген. Әйел адамға ағасымен сөйлесуге мүмкіндік жасады, бірнеше айдан соң ол бауырының дауысын естіді. Әйелдің полицияға «отбасылық кеңестің» шешімі бойынша жүгінгенін айта кеткен жөн – ер адамның тағдыры үшін барлық туыстары алаңдаған.

«Шекаралас өңірде борышкерлерді іздеу көбінесе адамдардың шетелде болуына байланысты қиындық туғызатынын айта кету керек. Мәселен, борышкерлердің бірі бұрын Германияға кеткен. Көші-қон қызметінің қызметкерлері ер адаммен хабарласып, сот шешімі бойынша алимент бойынша борышкер болып табылатындығын түсіндіріп берді. Ресми органдар оның жүрген жерін растағаннан кейін, материал сот орындаушыларына тапсырылады», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов.

Операцияның екі күні ішінде отбасылық байланысын жоғалтқан 3 адамның, алимент төлемеген 3 адамның және 12 борышкердің жүрген жері анықталды.