Бұл пилоттық жоба.
ERNUR.KZ. Алматы маңындағы Алма-Арасан шатқалына кіру төлемдерін автоматтандыру бойынша пилоттық жоба іске қосылады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазір бізде төлемдер қолма-қол жүргізіліп отыр. Осы орайда орын алып жатқан кейбір келеңсіздіктерді түбегейлі жойғымыз келеді. Сол себепті біз Алматы қаласының әкімдігімен, сонымен қатар «Оңай» және «Сергек» компанияларымен бірлесе отырып бақылау пункттерінде төлем жүйелерін автоматтандыру бойынша жұмыс істеудеміз. Оның ішіне Алма-Арасан шатқалында орналасқан бақылау бекеті де кіреді», - деді Іле-Алатау ұлттық паркінің өкілі Тілек Әділжанов.
Оның айтуынша, бақылау бекеті камералармен, турникеттермен және өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарымен жабдықталады. Ендігі уақытта келушілер табиғи қорықтың аумағына кіру үшін өздері төлем жасай алады.
«Бұл пилоттық жоба. Жалпы алғанда Қазақстан бойынша мұндай жүйе әзірге жоқ. Егер жоба өзін ақтайтын болса, өзге де ұлттық парктерде бұл жүйе қолданысқа енетін болады. Жобаны көктемге таман іске қосу жоспарлануда", - деп атап өтті Тілек Әділжанов.
Енді ұлттық паркке кіру тәртібі басқаша болмақ. Автокөлікпен келген туристер көліктерінен түсіп төлем жасайды. Басылып шыққан штрих-кодты енгізеді. Содан кейін ғана шлагбаум автоматты түрде ашылады. Қазір төлем жасаудың екі нұсқасы қарастырылып жатыр: қорғалған аумаққа кірген бойда және шыққан кезде төлем жасау. Ұлттық паркке кіру ақысын "Оңай" карточкасымен, сайт немесе банк карточкалары арқылы төлеуге болады. Айта кетейік, қазіргі таңда Іле-Алатау ұлттық паркінің Алма-Арасан шатқалына кіру үшін бір адам 450 теңге төлеуі тиіс.