Алматы ХҚО-лары азаматтарды Ashyq қосымшасы арқылы қабылдайды

0
459

Кезекке алдын ала брондау мүмкіндігі бұрынғыша қалады.


Алматы ХҚО-лары азаматтарды Ashyq қосымшасы арқылы қабылдайды

ERNUR.KZ. Теріс немесе бейтарап мәртебесі бар алматылықтар халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мемлекеттік қызметтерді кезексіз ала алады, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 14 маусымнан бастап ХҚО-лар Ashyq сервисі арқылы клиенттерді қабылдауға көшеді. Теріс немесе бейтарап мәртебесі бар алматылықтар мемлекеттік қызметтерді кезексіз алуына болады.

«Ashyq қосымшасы бойынша қаладағы барлық ХҚО-ға кіруге қолжетімді болады. Қаланың әрбір фронт-офисіне сканерлеу үшін арнайы дербес QR-код берілді. QR кодтары ғимаратқа кіре берісте ілінеді», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы қаласы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

Бұл ретте кезекке алдын ала брондау мүмкіндігі бұрынғыша қалады. Оның артықшылығы – сіз белгіленген уақытта оператордың қабылдауына бірден өте аласыз.

«Егер қызметті алушыда Ashyq қосымшасы болмаса, жақында ғана Ashyq функционалы енгізілген eGov mobile, Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларын пайдалана алады», - деп қосты ол.

Осы қосымшалар болмаса да, мәртебеңізді ХҚО қызметкерлері ЖСН бойынша анықтайтын болады.