Алматы облысында бір мектептің үш оқушысы менингит жұқтырды

0
1 054

Үшеуі де Қарасай ауданының Абай ауылындағы мектепте оқиды.


Алматы облысында бір мектептің үш оқушысы менингит жұқтырды

ERNUR.KZ. Алматы облысы, Абай ауылындағы мектепте үш оқушы менингит жұқтырды, деп жазады ktk.kz.

Үшеуі де Қарасай ауданының Абай ауылындағы мектепте оқиды. Жұқпалы дертке шалдыққандар бірден инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Ал ата-аналар мектепті карантинге жабу керек деп дабыл қағуда. Санитар-дəрігерлер «даурығуға негіз жоқ» деп отыр.

Алматы іргесіндегі Абай ауылын менингит меңдеді деген ақпарат ата-аналар арасында желдей есіп жүр. Өйткені мұндағы бір мектептен үш бірдей оқушы қауіпті дертті жұқтырған. Алды осыдан оншақты күн бұрын ауруханаға жатқызылса, үшінші сыныпта оқитын бір қыздан ауру белгілері бүгін байқалған. Сондықтан басқа балалардың ата-аналары мектепті карантинге жабуды талап етуде. Алайда білім ошағының басшылары «алаңдауға негіз жоқ» дейді.

"Менингит болғанын растаймыз. 1 сынып оқушысы бес күн үйінде ем алған. Екіншісі 7 сынып оқушысы он күн үйінде емделіп келген. Сосын қайта ауырып, ауруханаға барғанда анықталды. Үшінші оқушы ауырып жатқан. Ол қаладағы емханада емделіп жатқан. Менингитпен ауырды деп бүгін естідік. Қазір оқушылардың көбі бетін медициналық бетпердемен бүркеп алған" - дейді мектеп директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Дəурен Бұрғанбаев.

Ал «сақтықта қорлық жоқ» деген ата-аналар баласын мектепке жіберуден бас тартыпты. Кейбір сыныптарда бала саны тым аз. Санитар-дəрігерлер де «даурығудың қажеті жоқ» дейді. Менингит меңдеген мектепте залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, науқастармен байланыста болған жүз шақты адам тексеріліпті.

"Ғабдуллин мектебінде менингит тіркелді. Бір мектепте оқығанымен үшеуі үш сыныпта оқиды. Бір бірімен байланыс жоқ. 1, 5, 7 сынып оқушылары. Аудан бойынша ахуал тұрақты. Залалсыздандыру жүргізілді. Науқастармен байланыста болғандар тексерілді " - Қарасай аудандық тауарлар мен қызмет көрсету сапасын бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Олжабаев.

Қазір менингит жұқтырған үш оқушы инфекциялық ауруханада жатыр. «Олардың жағдайы қалыпты», - дейді дəрігерлер. Ал ертең мамандар ауру ошағына айналған мектепке барлық ата аналарды жинап, менингиттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмысын жүргізбек.

Жалпы жыл басынан бері Қарасай ауданында ми құртына шалдыққан 38 адам тіркеліпті. Оның 35-і толық емделіп шыққан. Қалған үш оқушының қашан үйлеріне қайтатыны белгісіз.