Алматы облысында палеолит дәуірінің көп қабатты тұрағы анықталды

0
792

Алғаш рет табылған тарихи орыннан көптеген тас құралдары, соның ішінде нуклеустер, қырғыштар, үшкір тастар табылды.


Алматы облысында палеолит дәуірінің көп қабатты тұрағы анықталды

ҚР Ұлттық музейі Германияның Тюбинген университетімен бірлесіп Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында палеолит дәуірінің көп қабатты тұрағын анықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғаш рет табылған тарихи орыннан көптеген тас құралдары, соның ішінде нуклеустер, қырғыштар, үшкір тастар табылды. Сонымен қатар қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жануарлардың сүйектері мен көмір қалдықтарын зертханалық сараптамаға жіберу жоспарлануда.

ҚР Ұлттық музейі мен Германияның Тюбинген университетімен жасалған халықаралық келісім-шарт негізінде 2017 жылдан бері «Palaesilkroad» жобасы бойынша Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының қосалқы жетекшісі – музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов.

-«Халықаралық жоба аясында биыл мамыр айынан бастап Алматы облысындағы Кербұлақ және Еңбекшіқазақ аудандарында зерттеу жұмыстары жүрді. Нәтижесінде, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Тікенекті-2» тұрағындағы мәдени қабаттардан орта тас дәуірі, кейінгі палеолит және неолит дәуірлеріне жататын артефактілер анықталды.Археологиялық қазба жұмыстары халықаралық жоба болғандықтан мұнда Ұлттық музей қызметкерлерімен қатар Испания, Грекия, Германия, Америка елдерінің зерттеушілері, ғылым докторлары бар. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері де белсене атсалысуда. Екі шәкіртіміз палеолит дәуіріне қатысты докторлық диссертациясын шетелде қорғайды»,-дейді тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Қожахметұлы.

Бұған дейін, Жәкен Қожахметұлы бастаған қазақ-орыс, қазақ-неміс, қазақ-жапон халықаралық экспедициялары Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз боп келген палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгір анықталған. Осы орайда, шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып заманауи технологиялар арқылы Түркістан облысы Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай тауындағы Тұттыбұлақ үңгіріне сканерлеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде орта тас дәуіріне жататын күлдің қалдығынан 41 мың жыл бұрынғы тіршілік белгілі болды.

-«Тұттыбұлақ үңгіріндегі зерттеу жұмысы XX ғасырдың соңына қарай басталған. Үңгірдің қойнауына жасырған тарихи сыры барын білген Қазақстандағы тас дәуірі археологиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ археологтарының бірі, ғалым, менің ұстазымХасан Алпысбаев 1959 жылы бұл орынды тапқанымен қазуға мүмкіндігі болған жоқ. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге тұтастай топ атсалысуы тиіс. Сондықтан, бұл жұмыс кейінге қалып, ұстазымыздың бастамасынбіз жалғастырудамыз. 2018 жылы «Palaesilkroad» жобасыаясында Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде күлдің қалдығы, тас құралдар және адамның жақ сүйегі табылды. Жақ сүйекалғашқы адам болуы да мүмкін. Қазіргі таңда жақ сүйек Германиядағы зертханада анықталуда. Ал, күлдің қалдығына қарап ошақ пен отты пайдаланған адамзат баласының сол кезеңде осы жерде де тіршілік еткенін айтуға болады. Биыл да Тұттыбұлақ үңгірінде жұмыс жүргізіледі. Қызықты нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенім бар»,-деді Жәкен Таймағамбетов.

Айта кетейік, келесі кезекте ҚР Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археолог мамандарынан жасақталған экспедиция Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарын Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шығыс Қазақстанда жалғастырады.