Алматы облысында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

0
1 209

Тапаншамен қаруланған қаскөйлер кассадағы 27 мың теңгені қолды қылған.


Алматы облысында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

ERNUR.KZ. Алматы облысының полиция қызметкерлері Талғар ауданындағы жанармай құю бекетіне түнде қарақшылық жасаған қылмыстық топтың екі мүшесін ұстады, деп жазады Zakon.kz.

6 ақпан күні бір топ адам жанармай құю бекетіне баса-көктеп кіріп, оператор мен күзетшіні белгісіз қарумен қорқытып, кассадағы 27 000 теңгені тартып алған.

"Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-тармағына сәйкес қарақшылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер анықталды. Олардың бірі оқиға орнына жақын маңда жергілікті тұрғындардың көмегімен ұсталса, жедел-іздестіру шаралары барысында екінші күдіктінің мекен-жайы анықталып, ол Алматы қаласында қолға түсті. Ұсталғандардан қылмыс жасау кезінде пайдаланған тапанша мен ұрланған ақшаның бір бөлігі тәркіленді. Олар тергеу материалдарына айғақзат ретінде тіркелді",- деп толықтырды баспасөз қызметі.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, күдіктілер аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тәртіп сақшылары күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтауда. Бұл факті бойынша тергеу жалғасуда.