Көпшілік бас санитар дәрігерді жұмыстан шығару керек дейді.
ERNUR.KZ. Алматы облысында Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті, онда облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерғали Сыдымановпен болған жағдай талқыланды, деп жазады Tengrinews.kz.
Талдықорған әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлының айтуынша, Әдеп жөніндегі кеңес Қазақстанның денсаулық сақтау министріне облыстың санитар дәрігеріне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
"Көбі оны жұмыстан шығару керек десе де, мен мұны ең оңтайлы және әділ шешім деп санаймын. Біріншіден, ол өз кінәсін толық мойындап, қала мен облыс тұрғындарынан кешірім сұрады. Екіншіден, видеода балағат сөздер немесе қорлау болған жоқ. Үшіншіден, ол денсаулық сақтау саласында тәжірибесі мол және еңбек өтілі бар өз ісінің маманы", - деп жазды Нұр Қанатұлы Instagram желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың кәсіпкерлермен дөрекі сөйлескен видеосы әлеуметтік желіде тараған еді.