Алматы полицейлері үш жасар баланы құтқарды

0
1 131

Жоғалған бала "Қайрат"кентінде атасымен бірге болған.


Алматы полицейлері үш жасар баланы құтқарды

ERNUR.KZ. 4 мамыр күні сағат 17: 00 шамасында полицияға баланың жоғалғаны туралы хабар түсті. Оны іздеуге полиция экипаждары жіберілді, деп жазады elitar.kz.

Жоғалған бала "Қайрат"кентінде атасымен бірге болған. Ер адам әлденеге алаңдап, баладан көз жазып қалған.

"Жол-патрульдік полиция экипажы жаңа үйлерді де, тұрғын үй массивін де, жеделсатыларды да бірме-бір аралап, баланың жоғалып кетуінің басқа да нұсқаларын пысықтады. Жергілікті тұрғындардың үй-үйді аралап, іздеуіне ювеналды полиция да қосылды. Сонымен қатар, волонтерлер халықты әлеуметтік желілер арқылы хабардар етуге барынша көмек көрсетті. Исатай аман-есен табылды", - деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Думан Аухадиев.

Аухадиевтің айтуынша, "Боран - 312" патрульдік экипажы футболкадағы, жаурап қалған баланы аман-есен отбасына табыстады.

"Ең бастысы - бала табылды, ол тірі және сау. Патрульдер оны күртешемен орап, жылытты. Содан кейін баланы дәрігерлер қарап шықты, оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ", - деді подполковник Аухадиев.