Сыныпта қалған оқушы қорыққанынан терезеден секіріп кеткен болуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Алматы қаласының мектептерінің бірінде бірінші сынып оқушысы 2-қабаттан құлап кетті, деп жазады baq.kz.
Оқиға 10 қыркүйек күні болған. Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала №80 мектептің 2-қабатынан құлап кеткен.
Оқушыны бірден реанимация бөліміне алып келген. Кейін травматология бөліміне ауыстырған.
«Алты жасар баланы көпдисциплинарлы бригада қарап, тексеріп шықты. Балаға қосарлы жарақат, бас сүйек-миы зақымданып, миы шайқалған деген диагноз қойылған. Сонымен қатар оның көкірек қуысы жарақаттанған, көкірек қуысы мүшелері зақымданған. Баланың жағдайы қазір тұрақты», - деп хабарлады ведомствода.
Мамандар оқушының жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Zakon.kz басылымының хабарлауынша, бала сыныпта жалғыз қалған. Мұғалім есікті жапқан кезде оны байқамай қалған. Оқушы қорыққанынан терезеден секіріп кеткен.