Салдарынан жолаушылардың біразы жұмысынан қалды.
ERNUR.KZ. Алматыда қоғамдық көліктерде бетперде тақпай жүргендер тексерілді, деп жазады Stan.kz.
Эпидахуалдың күрт нашарлауына байланысты автобустарда тексеріс басталды. Соның салдарынан жолаушылардың біразы жұмысынан қалды. Десе де, "кешіктім" деп қарсылық білдіргендер болмады.
“Дұрыс! Өзім шығып кеттім де, аялдамаға жеткен кезде бетпердем жоқ екені есіме түсті. Қазір жұмысқа жеткеннен кейін, сол жердегі дәріханадан сатып аламын деп тұрғанмын”, – деп ақталды Серік Камалиев есімді жолаушы.
Полиция қызметкерлері автобусқа мінген жұрттың бет-жүзіне қараумен болды. Олардың іздегені қылмыскер емес, карантин талаптарын біле тұра бетперде тақпай жүрген жолаушылар.
Бетпердесіз жүргендерді сақшылар автобустан түсіріп тастады. Ал жолынан қалған жолаушыларды аялдамада әкімдік қызметкерлері мен санитарлар күтіп алды.
Індеттің ушығып жатқанын біле тұра бетпердесіз жүргендердің аты-жөні жазылды. Десе де, талап сақтамағандар бұл жолы оңай құтылды.
Айыппұл салынбай, тек түсініктеме жазды. Бірақ бұл бастамасы ғана. Бетперде тақпай жүретіндер көбейсе, айыппұл салынатын болады. Коғамдық көліктердегі тексеріс түнде де жүргізілетін болады деп ескертті мамандар.
“Айыппұл салмауға тырысамыз. Бетперде болса, өзіміз де беріп тұрамыз. Егер бетперде кигісі келмей, қарсылық білдірсе, ондай кісілерді міндетті түрде қоғамдық көліктен түсіріп, айыппұл салдырамыз”, – дейді Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімі аппаратының бас маманы Айбек Әлішеров.