Ол бір айдай бұрын да өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
ERNUR.KZ. Алматыда 2023 жылы 4 шілде күні кешке ер адам көпқабатты үйдің 11-қабатынан құлап, қайтыс болды, деп жазады zakon.kz.
"Жастар" тұрғын үй кешенінің терезесінен ер адамның құлап кеткенін куәгерлер айтқан.
Қалалық полиция департаменті бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге итермелеу") бойынша тіркелгенін мәлімдеді.
"Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм (1986 жылы туған) психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрған", - дейді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция бір айдай бұрын, 8 маусымда ол өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты. Сол жолы Алмалы ауданының учаскелік инспекторлары 11-қабаттың терезесінде отырған 37 жастағы алматылық азаматты аман алып қалған. Инспекторлардың бірінің айтуынша, ер адам неге секірмекке әрекеттенгенін түсіндіріп бере алмаған.