Бұл шара нарықтағы өнімнің өзіндік құнын тұрақтандыруға және сатушылардың бағаны негізсіз өсірмеулеріне бағытталған.
ERNUR.KZ. Әкімдіктің қаулысымен қанттың бөлшек сауда бағасы 30 желтоқсаннан бастап белгіленді, деп жазады ҚазАқпарат.
Алматы қаласы әкімдігінің осы мәселеге қатысты №4/636 қаулысы 2020 жылдың 30 желтоқсанынан күшіне енді. Құжатқа сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар болып саналатын «ақ қант – құмшекердің» бір келісінің 30 күнтізбелік мерзімдегі бағасы 254 теңге болып бекітілді.
Бұл шара нарықтағы өнімнің өзіндік құнын тұрақтандыруға және сатушылардың бағаны негізсіз өсірмеулеріне бағытталған.
Айта кетерлігі, әкімдік тарапынан қаулыға сәйкес 30 күнтізбелік мерзім аяқталған соң да бағаның өсуіне тосқауыл қоятын шаралар қабылданды. Осыған орай Алматы қаласының тұрақтандыру қорына 2 мың тонна қант сатып алу жұмыстары қосымша пысықталуда.
Алматыда бұрындары мұндай реттеу тетіктерінің оң нәтиже бергені белгілі. Биылғы жылдың қараша айында қарақұмық жармасына шекті баға белгіленген болатын. Соның арқасында қалада өнімнің орташа құнын 375 теңгеден 360 теңгеге дейін төмендеді.
Қаулы 30 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары аудандар әкімдіктерімен бірге кесімді бағаларды тұрақты бақылайтын болады.
Бағаға қатысты белгіленген тәртіп бұзылатын болса және жыл ішінде қайталанса, онда 100 АЕК-тен (291 700 теңге) 200 АЕК-ке (583 400 теңге) дейін айыппұл төленіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға шамамен 9 миллиард теңге жұмсалады. Бұл қаражат реттеу тетіктерін іске асыру, оның ішінде қаланың сауда желілерінде келісілген бағадағы өнімдер желісін кеңейту үшін бөлінген.