Алматыда қоқыстан тамақ жеп, киім киетін жастар тобы пайда болды

0
1 116

Олар тұрғылықты мекені жоқ, қаңғыбастардың қатарына жатпайды. Олар тек жарамдылық мерзімі өтіп кеткен көкөністер мен жемістерді қоқыстан тауып жейді.


Алматыда қоқыстан тамақ жеп, киім киетін жастар тобы пайда болды

ERNUR.KZ. Естімеген елде көп. Алматы қаласында ерекше бір топ жастар өмір сүреді. Ерекшелігі сол - олар жарамдылық мерзімі өтіп кеткен көкөністер мен жеміс-жидектерді қоқыстан тауып жейді. Бар мақсаттары - күнделікті ақшаны үнемдеу. Бұл істеріне еш ұялмайтын көрінеді. Тамақтан бөлек, қоқыстан тұрмыстық техникадан бастап, киімдерге дейін тауып алып әлеуметтік желі арқылы сатып та көріпті. Қоғамда мұндай жандар «фригандар» деп аталады, деп жазады Almaty.tv.

Олар тұрғылықты мекені жоқ, қаңғыбастардың қатарына жатпайды. Олар тек жарамдылық мерзімі өтіп кеткен көкөністер мен жемістерді қоқыстан тауып жейді. Өздеріңіз көргендей бүгінгі біздің 2 кейіпкеріміз сауда-орнынан жарамдылық мерзімі өткен азық-түліктердің шығарғанын күтіп тұр.

Өзін Диего деп таныстырған бұл жігіт 22 жаста. Түріне қарап, қоқыстан тамақ тауып жеп жүрген қаңғыбас деп айтпайсың. Тұрақты жұмысы бар. Ата-анасымен бірге тұрады. Бірақ, қоқыс аралап, күнін көріп жүргеніне 2 жылға жуықтапты. Жасап жүрген ісін бір жағынан ақшасына үнем деп санаса, бір жағынан табиғатқа жасап жатқан қомқорлығым деп біледі. Себебі, қорап-қорап тасталып жатқан көкөністерді көргенде обал екенін айтады.

"Көбіне мұндай тағамдар ірі сауда-орындарының қоқыс тастайтын жерлерінде кездеседі. Күнде кешкілік келіп, осылай жеуге болатындай азық-түліктерді іріктеп аламыз. Қала орталығында үлкен мейрамханалардың қоқыс жәшігіне де жиі барамыз. Себебі, онда дайын салаттар мен тағамдардың түр-түрін табуға болады. Мейрамхана иелері жарамдылық мерзімі өтіп кетті деп тастай салады, негізі ондай түк жоқ», - дейді ДИЕГО.

Ал, азық-түлік сататын ірі сауда орынындағы мамандар болса, мерзімі өткен тағамдарды қоқысқа тастамаймыз деп ақталды.

«Жарамдылық мерзімі өткен тауарларды серіктестердің өздеріне қайтарамыз. Тегін ешкімге берілмейді. Оларды компания серіктестеріне тапсырамыз. Олар өздері ары қарай утилизация жасайды. Жарамдылық мерзімі өтсе де, ешқандай тауар тегін берілмейді», - дейді сауда дүкенінің менеджері Мұрат БАЛАПАН.

Бұл – олардың қоқыстан тапқан заттары. Алматыда 20 адамнан тұратын арнайы жастардан құралған топтары да бар екен. Олар күнде кешкісін әлеуметтік желі арқылы осы суреттерді бір-біріне жіберіп, бөлісіп отыратын көрінеді. Тіпті, кім ең қымбат тұратын зат тапса мақтанатындарын да жасырмады. Диего бұған дейін, мерзімі өткен тамақ жеп мүлде ауырмаған. Ал, инфекция мамандары болса, мұндай тағамдарды жеу денсаулық үшін аса қауіпті екенін айтады.

«Қоқыс жәшіктерінен табылған азық-түліктерді қолданған сәтте ондағы вирустар мен бактериялардың кесірінен адам ағзасында жұқпалы ішек аурулары пайда болады. Инфекциялық аурулардың ішіндегі ең қауіптісі – гельминтоз бен эхинококк ауруы. Бұл аурулар адам денсаулығында бірден байқалмайды. Уақыт өте келе, кері әсерін береді. Адамдар өз ағзасында мұндай аурулардың барын білмейді де. Ол арнайы тексеруден кейін анықталады», - дейді паразитолог Лиза СЕЙДУАЛИЕВА.

Олар тамақтан бөлек, қоқыстан тұрмыстық техниканы да іздейтін көрінеді. Бұған дейін кіржуғыш машина мен қысқа толқынды пеш тауып алыпты. Тапқан бойда әлеуметтік желіге хабарландыру салып, лезде сатып жіберген. Айтуларынша, айналысып жүрген істеріне бизнес ретінде қарамайды. Тек тағам, өмірлеріне қажетті заттар тауып пайдалану ғана. Қазақта үнемшілдік ырыс, ысырапшылдық шығыс деген мәтел бар. Бұл жастардың әрекетін осы аталы сөзге орай қолданасыз ба, жоқ әлде аса бір әдепсіз іс деп санайсыз ба? Оны бағамдауды сіздің еншіңізге қалдырдық.