Алматыда марафоншы көмекке келген дәрігердің мұрнын бұзған

0
558

Алматыда өткен жартылай марафонда мәре сызығына жетпей өзін жайсыз сезінген 19 жастағы жігіт дәрігерге қол көтерді.


Алматыда марафоншы көмекке келген дәрігердің мұрнын бұзған

Әлсіреген азамат көмекке жеткен фельдшерге еш себепсіз атылып, мұрнын сындырған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

"Өзін дөрекі ұстап дәрігерге қол көтерген. Осының салдарынан дәрігердің мұрны сынып, уақытша жарамсыздыққа байланысты қазір емделіп жатыр", - дейді Алматы қаласы жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Шайхидин Бадиров.

27 жастағы фельдшердің өзі сұхбат беруге құлық танытпаған.

Әріптестерінің айтуынша, оның мұрнын бұзған марафоншы өте ашулы күйде болған. Бәлкім, 21 шақырымға жүгіруден жеңіс сызығына бірінші боп жетпеген соң, өшін көмекке келген медицина қызметкерінен алмақ болуы да мүмкін. Істің мән-жайын қазір полиция анықтап жатыр. Студенттің нақты қай баппен жауапқа тартылатыны сот-медициналық сараптамасының қорытындысынан кейін белгілі болады.

"Егер сараптамалық зерттеудің қорытындысына сәйкес, бұл азаматқа жеңіл түрде дене жарақаты келтірілген болса онда әкімшілік кодекстің 73бабы бойынша іс қозғалады. Егер ауыр болып танылса онда ҚК 107- бабымен қылмыстық іс қозғалады", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.