Ерболат Досаев бизнес өкілдерімен шығынды өтеу мәселелерін талқылады.
ERNUR.KZ. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаңтар оқиғасы кезінде жапа шеккен кәсіпкерлермен және бизнес өкілдерімен кездесті. Жиында қала басшысы бизнес иегерлерімен шығынды өтеуге жұмсалатын төлемдерді жеделдету мәселелерін талқылад, деп жазды inbusiness.kz.
Бұған дейін Аймақтық комиссия шығынды өтеу бойынша механизмде қателіктер барын анықтап, өз тарапынан нақты ұсыныстар енгізген болатын. Әкімдіктің ұсыныстары 2022 жылғы 1 ақпанда ҚР Ұлттық экономика министрлігімен жедел түрде келісіліп, үкіметтік комиссия деңгейінде мақұлданды.
Бүгін Шығынды өтеу ережесіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
"Негізгі оңалту шаралары тауарлық-материалдық құндылықтарға келген мүліктік залалға қатысты. Енді 5 млн теңгеге дейінгі ең жоғары төлем сомасымен жеңілдетілген механизм бойынша зақымдалған жылжымалы әрі жылжымайтын мүлікке, сонымен қатар, қалпына келтіруге келмейтін және жоғалған жабдықтарға өтеу механизмі қарастырылып отыр. Бұл өз кезегінде зардап шеккен бизнес субьектілерін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлек қорлардың жеке ақшаларынан да төлем жүргізу мәселесі қаралып жатыр", – деп хабарлады қала әкімдігі.
Еске сала кетейік, зардап шеккен кәсіпкерлер коммуналдық шығындарды төлеуден 3 айға, ал қаладағы коммуналдық меншікті жалға алушылар 6 айға жалдау төлемінен босатылады.