Жол апатынан зардап шеккендер бар.
ERNUR.KZ. Алматыдағы Райымбек даңғылында бірден үш автобус соқтығысты, деп жазады baq.kz.
Куәгерлердің айтуынша, жол апатынан зардап шеккендер бар.
Қатарынан үш автобус келе жатты. Бірінші автобус қатты тежеген, екіншісі оған соқтығысқан, ал үшінші автобустың жүргізушісі соқтығыстан қашпақ болған көрінеді. Жол апатынан зардап шеккендер бар. Бір жолаушының аяғы сынған, - дейді куәгер.
Аталған жағдайға Алматы қаласының Полиция департаменті түсініктеме берді.
Бүгін, 13 ақпанда сағат 09:00 шамасында Райымбек даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан 54-бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі алдында келе жатқан 133-бағыттағы қоғамдық көлікпен, сондай-ақ "Нексиа" маркалы көлікпен соқтығысқан. Осы кезде 131-ші автобус инерция салдарынан сол бағытта келе жатқан 88-ші бағыттағы автобуспен соқтығысқан, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомтсво зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілгенін мәлім етті.
Жол-көлік оқиғасына қатысқан үш қоғамдық көлік те жеке тасымалдаушыларға тиесілі. ЖКО дерегін Медеу аудандық полиция Басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр, - дейді Алматы қалалық полиция Департаменті баспасөз қызметі.