Алматыдағы "Алтын Орда", "Барлық" базарлары өзгертіледі

0
612

Алматыда полиорталықтарды дамытудан басқа, қалпына келтіруге болатын немесе болмайтын ескірген тұрғын үйлерді ревитализацияға көңіл бөлінеді.


Алматыдағы

ERNUR.KZ. 2030 жылға қарай Алматы қаласының полиорталықтарының құрылымы толық қалыптасады. Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының ХXV сессиясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев айтты, деп жазады stan.kz.

Әкім орынбасарының айтуынша "Шығыс қақпасы" полиорталығы халықаралық әуежай мен "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" трассасына жақын болған соң, ірі мультимодальдық көлік - ауысып отыру торабы бар логистикалық хабқа айналады.

"Оның құрамына LRT станциясы, "Восточный" автовокзалы, қала маңындағы қоғамдық көлікпен біріктірілген BRT желісі кіреді. Мұнда көрме-ойын-сауық орталығы, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымы бар жаңа рекреациялық аймақты орналастыру жоспарлануда. "Батыс" полиорталығында Индустриялық аймақтың аумағын кеңейту болжанып отыр. Боралдай кентінде "Алматы – 3" вокзалы орналасады, оның базасында көлік-логистикалық хабты дамытуға болады. "Сақ қорғандары" этнографиялық бақтың айналасындағы инфрақұрылым дамиды. Бүгінде ауданы 90 га желілік рекреациялық бақ, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй кварталдары құрылды", – деді Мұхит Әзірбаев.

Бұнымен қоса ол "Оңтүстік-батыс" полиорталығында бұрыннан бар нысандарды қайта форматтау, "Алтын Орда" сауда базарын көтерме-тарату орталығы етіп қайта құру, "Барлық" базарының орнына "Батыс" автовокзалын, LRT станциясын және метрополитенді қамтитын ірі мультимодальдық көлік-ауысып отыру торабын құру жоспарланғанын айтты.

"Тарихи орталықтың" шекарасында абаттандыру жұмыстары жалғасады және тарихи-мәдени мұраға жататын ғимараттарды қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама қабылданады, сондай-ақ, инженерлік желілер жаңартылады. Веложолдарды төсеу жалғасады, ақылы тұрақ орындары ұлғайтылады. "Тарихи орталыққа" іргелес өнеркәсіптік кәсіпорындар мен арнайы мекемелер (АЗТМ, Киров атындағы зауыт, СИЗО) көшірілетін болады, олар мен ескі тұрғын үйлердің орнына заманауи үлгідегі кварталды құрылыс пен жаңа іскерлік кластер пайда болады", – деді спикер.

Оның айтуынша, Алматыда полиорталықтарды дамытудан басқа, қалпына келтіруге болатын немесе болмайтын ескірген тұрғын үйлерді ревитализацияға көңіл бөлінеді. 2022 жылдың соңына дейін ескі үйлерді қалпына келтірудің қалалық бағдарламасы бекітіледі.

Сонымен қатар Саин, Момышұлы, Алтынсарин көшелері мен басқа да шағын аудандардың көшелерінде променадтар қойылатын болды.