Алматыдағы әскери бөлімде өзін атқан сарбазға ешқандай қысым көрсетілмеген - Ұлттық ұлан

0
491

Онымен бірге қарауылға туған жездесі түскен.


Алматыдағы әскери бөлімде өзін атқан сарбазға ешқандай қысым көрсетілмеген - Ұлттық ұлан

ERNUR.KZ. Алматыдағы 3650 әскери бөлімінде өзін атып алған сарбазға ешқандай моральдық әрі физикалық қысым көрсетілмеген. Сарбаз өлімі әскери қызметті атқарумен байланысты емес. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Полковник Ниязтай Әлкешевтің айтуынша, шарт бойынша әскери қызметкер қатардағы жауынгер Абылай Сабыров 22 тамызда аса маңызды мемлекеттік нысанды күзеткен.

«Қатардағы жауынгер Сабыров ол күні резервте тұрған. Яғни, постта болмаған. Сағат түскі 14:00 шамасында 5-ші постта тұрған қарулас досын ауыстырады. Ол жерде Абылай қаруласы түскі асын ішіп келіп, оны ауыстырғанға дейін тұруы керек болды. Өкінішке орай, осы уақыт ішінде, яғни, бір сағат уақыт аралығында қайғылы жағдай болды. Мен толық жауапкершілікпен айтамын, оған ешқандай моральдық әрі физикалық қысым көрсетілген жоқ. Тіпті, онымен бірге қарауылға туған жездесі түсті», - деді Ұлттық ұлан полковнигі.

Жалпы, әскери қызметкер Алматы қаласында туған апайымен бір пәтерде тұрып келген.

«Абылай жасы 21-де, бойдақ. Отбасында төрт баланың тұңғышы. Ата-анасы Жетісу облысы, Текелі қаласында тұрады. Сарбаз Ұлттық ұланның Батыс өңірлік қолбасшылығында мерзімді әскери борышын өтеген. Өткен жылдың 17 маусымында запасқа шығып, бізге шартты қызметкер ретінде 5 қазанда жұмысқа кірді. Абылай Сабыров әскери қызметте өзін жақсы жағынан көрсетті. Оның құжаттары жақында Жоғары бас қолбасшылыққа жіберіліп, ары қарай жоғары лауазымға тағайындалуы керек болатын. Өз өзіне қол жұмсауына байланысты оның бәрі тоқтатылды», - дейді полковник.

Сондай-ақ Ниязтай Әлкешев қазіргі тергеу іс-шараларының қорытындысы бойынша сарбаз өлімі егер өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу немесе әскери қызметті өткерумен байланысты болғаны анықталса, оның отбасына заңнамаға сәйкес өтемақы төленетінін, ал егер расымен суицид жасағаны анықталса, онда ол басқа мәселе болмақ екенін жеткізді.

Сөз соңында полковник Ниязтай Әлкешев марқұм Абылай Сабыровтың ата-анасы мен туған туыстарына көңіл айтты.

Айта кетейік, Абылай Сабыровтың денесін жерлеуге ата-анасы бүгін Текелі қаласына алып кетті. Сондай-ақ, ата-анасы әскери бөлім мен Ұлттық ұланға ешқандай арыз шағым айтқан жоқ.

Еске салайық, 22 тамызда Алматыдағы 3650 әскери бөлімінде қатардағы жауынгер Абылай Сабыров өзін-өзі атып алған болатын. Алған жарақатының нәтижесінде қайтыс болды. Қазір құқық қорғау органдары қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Болған оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін қызметтік тергеу тағайындалды.