​Алматыдағы перзентхана босанған әйелге сәбиін бермей қойған

0
4 562

Алматылық келіншекті босанған соң сәбиін бермей перзентханадан шығарып жіберген


​Алматыдағы перзентхана босанған әйелге сәбиін бермей қойған

ERNUR.KZ. Алматылық келіншек бір айлық сәбиін перзентханадан ала алмай жүр. Дәрігерлер төлқұжатың жоқ деген желеу мен баласын бермей жатыр екен. Оны бір аптаның ішінде жасатпасаң, шақалақты балалар үйіне өткіземіз деген талап қойыпты. Ал, 29 жастағы әйел 15 жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келгелі әлі құжат рәсімдемегенін айтады. Бірақ, жеті жыл бұрын тұңғышын дүниеге әкелгенін де бауырыма басып, емізіп едім деп зар жылауда. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Көзінің жасы бір айдан бері тыйылмаған келіншек өзін Лина Ілиясовамын деп таныстырды. Тамағына тұрған өксігіне тұншығып, әрең сөйледі. №3 перзентхананың есігін торауылдап, сәбиіне жасанды сүтті күнде тасимын дейді. Өйткені, отыз күн бұрын босанған келіншек баласын бір апта ғана емізіпті. Одан кейін, дәрігерлер жеке басыңды растайтын куәлігің жоқ деп шығарып жіберіпті. Ал, қызын құжатың рәсімделген соң береміз деген.

“Мен ақылы палатада жаттым. 205 мыңды қолдарына санап бердім. Түбіртегі бәрі өздерінде. Жылай-жылай жасым таусылды. Дәрігерлердің кесірінен сүтім тартылып кетті. Олар ақша аларда құжат сұрамай, баламмен үйге шығарда неге құжатымды сұрап отыр?”, дейді қала тұрғыны Лина Ілиясова.

29 жастағы Лина Ілиясова отбасымен Өзбекстаннан 15 жыл бұрын көшіп келіпті. Мектепті де осында оқыған. Қолында туу туралы куәлігі ғана бар. Әке-шешесі маскүнемдікке салынып, жоқ болып кетіпті. Ал өзі Қазақстан азаматтығын алмаған. Өзбекстан азаматтығында бар-жоғын да білмейді екен. Сондықтан, жеке куәлік жасатарда көші-қонда біраз қиындықтар болып, сол бойы ала алмаған. Еш жерде тіркеуі де жоқ екен. Кесірінен білім алмаған. Некесі де қиылмаған. Алайда, бірінші баламда құжатсыз-ақ иіскеп, оған құжат та алдым дейді.

“Мен қызымнан бас тартып тұрғаным жоқ. Менің тағы үлкен ұлым бар. Жасы 8-де. Туу туралы куәлігі бар. Менде жоқ болғаны мен оған кезінде жасаттым. Мен баламнан бас тартқан жоқпын. Маған бір апта уақыт беріп отыр. Егер құжат әкелмесең, балалар үйіне өткіземіз дейді”, – дейді қала тұрғыны Лина Ілиясова.

Онсыз да көші-қонның табалдырығын тоздырған келіншек құжат жасау бір апта түгілі бір жылда бітетін тірлік емес дейді. Балалар үйіне өтіп кетсе, куәліксіз өзімнің қызым екенін дәлелдеу тіпті қиын деп отыр. Ал, №3 перзентханада акушер не гинекологты таппадық. Тек заңгері рәсімделген бірде-бір құжатын көрсетпей, сәби аурушаң деп қысқа қайырды. Анасымен бірге жіберу үшін құжатын күтіп отыр екен.

Ал, адвокаттар еліміздің Ата заңында ана мен баланы құжат үшін айыруға болатын бірде-бір бап жоқ дейді.

Бүгін Лина Ілиясова полицейлерге арыз жазуда. Құжатын рәсімдеуге де кірісіп кетті. Бірақ, қаптаған қағазбастылықтан мұның жуық арада шешілетін түрі жоқ. Ал, перзентхананың перзентті бір айдан артық ұстауға болмайтынын ескерсек, мемлекеттік қамқоршылар балалар үйіне өткізіп жіберуі де әбден мүмкін.