Алматыдағы "жаңаша үлгідегі" ескерткіш халықтың ашуына тиді

0
1 334

Бұл туындының авторы Ш. Төлеш деген шебер.


Алматыдағы

ERNUR.KZ. Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының маңына Ұлы Абайдың ескерткіші қойылыпты. Өкініштісі, қисық тұғырдан басы ғана қылтиған мүсін көп көңілінен шықпаған секілді. Әсіресе әлеуметтік желідегі жұртшылық ұлы ақынның қораш бейнесіне қарсылық танытып жатыр, деп жазады Аbai.kz.

Бізге жеткен ақпарат бойынша, бұл «жаңаша үлгідегі» ескерткіштің авторы Ш. Төлеш деген шебер екен. Елге белгілі мүсінші Абайды мынадай бейнеде мүсіндеу ойына қалай келгеніне таңданбасқа амал жоқ. Ұлы ақынды сайқымазақ бейнеде көрсету қалай айтсаңыз да ақылға қонбайтыны сөзсіз.

Мемлекеттік өнер мұражайының директоры Гүлмира Кенжеболатқызы Шалабаева ханым екен. Әкесі соғыс ардагері, қоғам қайраткері, Қазақстан КП ОК-нде теледидар және радио хабарларын тарату мемлекеттік комитетінің төрағасы болған Кенжеболат Нұртазаұлы Шалабаев екен.

Біз жаңағы мұражай директорының орынбасары Кобжанова Светлана Жұмасұлтанқызына хабарласып, мән-жайды білуге тырысқан едік. Бірінші хабарласқанымызда қолы бос емес екенін айтып, кейін сөйлессек деді. Бірақ екінші қайтара хабарласып, телефонын ала алмадық.


Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын тойлап жатырмыз. Абайды ұлықтаудың жалғыз жолы жиналыс өткізіп, ескерткіш мүсін орнату деп түсінетін кей шенді жыл басынан бері тойға бөлінген қаржыны игерудің қамында жүр...

Абайдың ұсқынсыз ескеркіші Алматыда ғана емес, Жезқазғанда да бой көтеріпті. Жезқазған қаласындағы Абай мен Сарыарқа көшесінің қиылысына қойылған Абай мүсіні де әлеуметтік желіде көпшіліктің наразылығын тудырды. Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұл мүсінді алып тастау туралы шешім қабылданыпты. Енді ұлы ақынның еңселі ескерткіші биыл жыл соңында қайтадан бой көтереді екен.



Демек, бір ретте орындалуы тиіс жұмысты екі рет істеді деген сөз. Біздің шенділер кез-келген жұмысты қолға аларда жеті рет өлшеп, бір рет кесу керектігін қашан түсінер екен. Жұмысты саусақтың ұшымен істейді, дау тудырып, қоғамның талқысына қалған соң, тыраштанып қайта дұрыстаған болады.

Айта берсек, мұндай шалағай шаруалар біздің шенеуніктерде шаш-етектен. Сауатсыз жұмыс істейді, сын естіген соң түзеген болады. Екі жұмыс, екі шығын! Мүмкін оларға осы да тиімді шығар. Қайта-қайта бөлінген қаржы қалтаға жақсы...

Абай тойын тойлаудың мәні - есептік іс-шара өткізіп, қисық-қыңыр ескерткіш орнату емес. Қайта елге пайдасы тиетін, бір күндік емес, мың жылдық шаралар өткізілуі керек.

Оның үстіне ескерткіш қойғанның жөні осы деп, сайқымазақ-сұрықсыз дүниелерді қаптата берудің де жөні жоқ. Халықтың қаржысымен жасалған жұмыс, халықтың көңілінен шыққаны керек. Әйтпесе, әр әкім, әр директор өз білгенінше Абайдың мүсінін салғыза берсе, ұлы ақынның не қадірі қалады?! Сөз соңында айтарымыз, Жезқазғандағы дау тудырған мүсін ақыры алыныпты. Ал Шалабаеваның «шала» Абайының тағдыры не болмақ?


Әлеуметтік желідегі дауға қатысты мұражайдың ресми жауабы arasha.kz сайтында жарық көрді. Онда мұражай әкімшілігі мүсінде Абай Құнанбайұлы бейнеленбегенін айыпты.


- Шоқан Төлештің «Абыз ата (Мудрец)» мүсіні 2019 жылы жасалған, гранит, биіктігі 3,5 метр. Ол 2019 жылдың 26 қарашасында автордың жеке көрмесінің аясында Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Мүсін саябағының аумағына орнатылған, - дейді мұражай әкімшілігі.


Бірақ бұл мүсіннің ұлы Абайдың бейнесіне қатты ұқсайтыны шындық. Оның үстіне дәл ақынның 175 жылдық мерейтойы тұсында жұрт назарына ілініп отыр. Мұражай әкімшілігі мұның өнер туындысы екенін айтып, өзіндік «оқылуды» талап ететінін алға тартады. Бірақ Абайдың мүсін болсын, «Абыз атаның» мүсіні болсын көпшілік арасында дау тудырғаны рас.