Алматының ірі базарында тал түсте атыс болды

0
921

Бұл кикілжіңге қатысты базар әкімшілігі тіс жармады.


Алматының ірі базарында тал түсте атыс болды

ERNUR.KZ. Алматының қақ ортасындағы Сары Арқа базарында тапа тал түсте атыс болды, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Деректерге қарағанда саудагерлер мен базар күзетшілері автотұраққа таласып қалған.

Куәгерлердің айтуынша дауласып қалған екі топ мәселені суық қарумен шешпек болыпты. Пышақтан кейін күзетшілер мен саудагерлер қолдарына тапанша алған. Сөйтіп олар бірін-бірі Ұлықбек көшесіне дейін тырқыратып қуған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Бұл кикілжіңге қатысты базар әкімшілігі тіс жармады. "Іс - құқық қорғау органдарының құзырында" деп құтылды. Саудагерлер де ақ-қарасын ашып айтпады. Жаппай төбелеске қатысқандар сол күні ұсталды. Пышақ ұстаған да, тапанша асынған да уақытша оқшалау абақтысында отыр.


"Бұл фактіні Әуезов аудандық ПБ Қазақстан Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша тергеп жатыр. Қылмыс құралы – газ тапаншасы тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Атыстың салдарынан жарақат алғандар жоқ", - деп атап өтті қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.


Зардап шеккендер болмағанның өзінде бұзақылар заң алдында жауап береді. Өзгелердің өміріне қауіп төндіргендер 3-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.