«Алтын адам» Польшада көрермен назарына ұсынылды

0
2 785

Польша тұрғындары "Алтын адам" туралы естігенімен көрген емес


«Алтын адам» Польшада көрермен назарына ұсынылды

ERNUR.KZ. Қазақтың «Алтын адамы» Еуропада. Польшада Қазақстанның «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнердің жауһарлары» атты бірегей көрме ашылды, деп жазады 24.kz.

Бұл біздің экспонаттардың Еуроодақ аумағында алғаш рет көпшілік назарына ұсынылуы. Берері мол шара ҚР Мәдениет министрлігі, Қазақстанның ұлттық музейі және Польшадағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Гданьск мұражайына келушілердің қатары қалыңдаған. Себебі еуропалық мәдениет орталығы Қазақстанның маңызды тарихи экспозициясын алғаш рет қабылдап отыр. Басты экспонат - 20-ғасырдың археологиялық сенсациясы саналатын Алтын адам. Бұл Тутанхамоннан кейінгі 4 мың алтын бұйым табылған екінші олжа.

Польша тұрғындары бұл жайлы естігенімен көрген емес. Мұндай мүмкіндік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

"Бұл экспозиция мұражайдың заманауи бөлмесіне қойылды. Онда тек халықаралық деңгейдегі бірегей дүниелер ұсынылады. Бұның өз мағынасы бар. Біріншіден екі ел арасындағы серіктестіктің жемісті екендігін білдірсе, екіншіден, Польшаның Ұлы даланы мекендеген халықтар - сармат, скифтермен ортақ тарихы көп" - деді Гданьск мұражайының директоры Вальдемар Оссовски.

Қазақстандық көрме - Польшаның мәдени әлемінде көптен күткен шаралардың бірі. Құрметті қонақтардың қатарында саясаткерлер, кәсіпкерлер, өзге елдің дипломаттарымен қатар жерлестеріміз де бар. Сондай-ақ, мәдени шара шет елдік БАҚ өкілдері тарапынан да қызығушылық тудырып отыр.

"Біз Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын Польшаның қақ төрінде ұсынып отырмыз. Дәл Гданьск мұражайына қоюымыздың да өзіндік мағынасы бар. Себебі ол Астанамен бауырлас қала. Астана биыл 20 жылдығын тойласа, Польша тәуелсіздікті қайта алуының 100 жылдығын атап өтуде" - дейді ҚР Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан.

Біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 ші ғасырлардағы білезік, сақина, алқа, белдік. Мұндай көп алтын Гданьск мұражайында бұрын-соңды қойылмаған. Сақ, сармат кезеңіндегі дүниелерден бөлек, келушілердің назарына 19-20 шы ғасырдағы зергерлік бұйымдардың үлкен топтамасы ұсынылды. Көпшіліктің назары басты экспонат Алтын Адамда болды. Ұйымдастырулардың айтуынша бірегей экспозиция арқылы шетелдіктердің еліміздің тарихына деген қызығушылығы артып келеді.

Анджей, Гданьск қаласының тұрғыны: - Көрмеге қойылған әрбір бұйымның жоғары деңгейде орындалғанын көрдім. Бұл 3 мың жыл бұрынғы әшекейлер екенін ескерсек, шеберлердің қандай дарынды болғанын айтпай кету мүмкін емес. Таңдамал зергерлік бұйымдардың көптігі мені таңқалдырды. Бұл дегеніміз скиф, сармат, сақ тайпаларының маңыздылығын айқындайды. Олар Еуропа мен Қытай арасындағы делдал болған. Сол арқылы байлыққа кенелген.

"Краковтан осы көрмеге арнайы келіп, Алтын адамның қасында суретке түстім. Бірегей экспонат дер едім. Ал Батыс Қазақстаннан табылған әшекейлер көздің жауын алады. «Алтын адамды» әлемдегі беделді мұражайларға апарып көрсету мұнан әрі де жалғаса бермек. Польшадан соң танымал көрме Оңтүстік Кореяға аттанады" - дейді Польшадағы қазақ диаспорасының өкіл Кенже.

Алдағы жылдары Қазақстанның бірегей экспонаттары Еуропаның барлық елдері мен АҚШ-та да жұртшылық назарына ұсынылады.