"Әңгіменің нүктесі - осы": Бекболат Тілеухан қарғысын қайтарып алды

0
1 834

Бекболат Тілеуханның жауабы жария болды.


ERNUR.KZ. Бекболат Тілеухан мен Серік есімді азаматтың арасында дауға нүкте қойылды. Қоғамда талқыға түскен тақырып жабылды. Серік Боқанұлы айыбын мойындағандықтан депутат кешірім берді, деп жазады stan.kz.

Бұған дейін азамат Серік Боқанұлы депутат Бекболат Тілеуханға сын айтып, желіге жариялаған болатын.

Оған қатты ашуланған Тілеуханов қарғысын айтып, теріс бата берді. Намазхан мырзаның мұндай әрекеті көпке ұнамаса керек. Оған қарсы дау айтқандар табылды. Енді бірі ақтап алды.

Осы ретте Серік Боқанұлы өзінің жаңылғанын айтып, депутаттан кешірім сұрады.

"Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға", - деп жазды желіде.

Осыдан соң Бекболат мырзаның жауабы жария болды.

"Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ. Ініде ізет, ағада айбын болмаса, елден берекет қашпай ма? Серік бауырым кешірім сұрады. Мен наламды қайтарып алдым. Алла Алашты алауыздықтан, ағайынды араздықтан сақтасын! Әңгіменің нүктесі - осы!", - деп жазды ол парақшасында.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде кешелі бері депутат Бекболат Тілеуханның өзін сынаған жігітті қарғыстағаны туралы қызу талқыланды. Бұған әркім түрліше болжам жасап, өз пікірін білдіріп жатыр.

Желідег оқырманы кешірім берудің дұрыс шешім екенін айтып жатыр.

"Бекболат аға Алла сабыр берсін. уақыт емші.Сіз отбасыңызбен керемет жансыздар,Осы жазда ,өзіңіз ауырып жатсаңызда жарыңыз арқылы мән жайды анықтап ,уйі шатырсыз қалған жас отбасына көмек бердіңіздер,Кенже ханымға сізге,Алла разы болсын дегім келеді,шын ниетімен рахмет,Сізде бәрі жақсы", "Ініден ізет болмаса,ағадан ілтипат қайда? " деген. Жақсының ренші ақ көйлектің дымы кепкенше . Бекболат аға дұрыс шешім жасаған екенсіз. "Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" деген екен. Ұлы Абай атаммыз. Алла жақсылығын берсін!", деп жазды желідегілер.

"Дұрыс болған екен Беке! Алла кешірімшіл, кешірген адамды өз рақымына алады ғой!", - деді дінтанушы Қайрат Жолдыбай.

Қайрат Жолдыбай қарғыс айтудың діндегі үкімін айтып берді.

"Дінімізде біреуге қарғыс айту емес, оған жақсылық тілеуге үндейді. Сізді ренжіткен, дұшпандық еткен адам болса, оған жақсылық тілеңіз. Кекшілдік сақтамаңыз. Тым болмаса Аллаға тапсырыңыз. Осылайша жүрегіңіз қатаймайды. Адам ашуланғанда өз еркінсіз, кейде еркімен жаман сөздер айтып, қарғыс айтуы мүмкін. Кейде ары мен намысын сақтап қалудың басқа жолы қалмағанда, нақақтан жала жапқан адамға барып “сенің айтқаның рас болса, Құдай мені төбемнен ұрсын, ал жалған болса сені ұрсын” деп бірге дұға етейік деп ұсыныс жасауға рұқсат. Мұны дінде “мұлағана” дейді. Көп жағдайда өзіне сенімсіз тарап бұдан бас тартып жатады. Бұл бірақ аса зәру жағдайда ғана жасалады", - дейді дінтанушы.