​ Апат болған шахтада көмір үгіндісінің бықсып жатқаны анықталды

0
757

3 қарашада түнгі сағат 3.03-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында метан газы жарылған болатын.


​ Апат болған шахтада көмір үгіндісінің бықсып жатқаны анықталды

ERNUR.KZ. Осыдан екі кұн бұрын апат болған Ленин атындағы шахтада тексеру өткізіп жатқан комиссияның жұмысы барысында көмір үгіндісінің бықсып жатқаны анықталды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Ленин атындағы шахтада болған қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатқан арнайы комиссияның қызметкерлері апат болған жерде көмір үгіндісінің бықсып жатқанын анықтады. ТЖМ хабарлағандай, қайта тұтану немесе жаңа өрт ошағы болмаған. Қазіргі уақытта ол жерде арнайы бригада мамандары аумаққа су құюмен айналысып жатыр.

«Өрт жоқ. Комиссия жұмысы барысында көмір үгіндісінің бықсуы анықталды. Ол жерге шұғыл түрде тиісті бөлімшелер шақырылды. Бұл бұрын шахтада болған оқиғаның салдары деп санаймыз, яғни сол оқиғадан кейін болған өрттің қалдықтары. Жаңа өрт ошақтары жоқ. Бұл жайт комиссия жұмысы барысында анықталды, шахта әлі де жабық. Қазір бықсыған жерге су құю жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді Руслан Иманқұлов.

Естеріңізге сала кетейік, 3 қарашада түнгі сағат 3.03-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында метан газы жарылған.

Апат кезінде шахтада жер астында 106 адам болған. 101 адам эвакуацияланды, бес адам қайтыс болды, төрт адам ауруханаға жатқызылды.

ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Санавиация бригадасы зардап шеккендердің жағдайы бойынша ТЖ орнында консилиум құрып, екі кенші Қарағандыға жеткізіліп, ота жасалды.

Кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов Ленин атындағы шахтадағы апаттың себебін атады. Оның айтуынша, газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде метанның кенеттен шығуы орын алған.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның барлық сегіз шахтасы бір тәулікке тоқтатылды.

Кейінірек қайтыс болғандардың есімдері белгілі болды.