Арал ауданында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

0
761

Бүгінде ұлттық сараптама орталығы зерттеу жұмыстарын жүргізуде.


Арал ауданында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Қызылорда облысы Арал ауданында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялауға қатысты құжаттар әзірленуде. Қазір тек топырақтың құрамын анықтау қалды, деп жазады ҚазАқпарат.


Бүгінде ұлттық сараптама орталығы зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Қыс-көктем мезгілдерінде қар мен жауын-шашын мөлшерінің аз болуына байланысты Арал ауданында қуаңшылық жағдай тіркелді.


Мал саны мен азығының балансын ұстап тұру бағытында жұмыс істеліп жатыр. Ауыл тұрғындары, еріктілер және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылған. Қазір малдың қырылуы тоқтады.


«Шөптің шығымдылығына қатысты ауданды үш санатқа бөлдік. Яғни, қызыл, жасыл, сары. Қызыл аймаққа 13 елді мекенді жатқыздық. Өйткені, жайылымдық жерлері 90 пайызға құрғап қалған. Ал сары аймақтағы елді мекендерде 30-40 пайызды құрайтын шөп бар. Жасыл түспен белгіленген елді мекендерде шөптің шығымдылығы жақсы. Қазір әр аймақтан 500 грамм топырақ алынып, сараптамаға өткіздік. Шөптің шығуына әсер ететін минералдардың топырақтың құрамында бар, жоғы анықталады. Қорытындысын төтенше жағдайлар департаментіне өткізіп, келісім аламыз. Содан кейін барып төтенше жағдай жариялаймыз. Бұл мәселе күнделікті бақылауда», - деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.