Әрбір сегізінші қазақстандық волонтерлықпен айналысады

0
1 651

Елімізде 150-ге тарта волонтерлық ұйым бар. 5000-дай ҮЕҰ еріктілердің көмегімен түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған.


Әрбір сегізінші қазақстандық волонтерлықпен айналысады

ERNUR.KZ. Енді олардың қатары артуы мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының басталуына орай өткен салтанатты жиында волонтер-студенттердің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды, деп жазады 24.kz.

Ал волонтер жұмысшылардың жалақысына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы төленетін болады.

Игорь Овсейчик 13 жылдан бері ғайыптан ғажайып жасауды ермек етіп келеді. Ойын картасы, арқан, тиын-тебен – оның басты көмекшілері. Сиқыршы бүгін балалар үйіне келіп, бүлдіршіндерді ерекше әлемге саяхат жасатты. Қамкөңіл көрерменге қуаныш сыйлауды жаны қалайтын азамат қызметі үшін ақы алған емес.

Игорь Овсейчик, иллюзионист: - Балаларды таң қалдыру қиын. Олар бәрін біледі. Ғаламтордан көреді, ізденеді. Бірақ ғажайыпқа деген сенімі сейілмеген. Қошемет, ықыласы шынайы. Мен балалар үйіне, ауруханаларға жиі барып өнер көрсетемін, жаны жабырқау бөбектерді қуантуға асығамын. Жақсылық жасаудан жалықпауымыз керек деп ойлаймын.

Ал астаналық Айзада Жүсіпова – білікті визажист. Қайырымды жан бос уақытын волонтерлыққа арнайды. Үш жылдан бері ол іс-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеуге атсалысып жүр.

«Жақыны табылған жандардың алғысына бөлену үлкен бақыт», – дейді ол.

Айзада Жүсіпова, еріктілер ұйымының мүшесі: - Біз Қазақстан бойынша жоғалып кеткен азаматтарды іздейміз. Еріктілер ұйымы құрылғанына үш жыл болды. Осылай іздеу парақшаларын таратып, көше-көшені аралаймыз. Жоғалған адам туралы әлеуметтік желілерде ақпарат таратамыз. Туысыңды жоғалту өте қиын. Сондай жандарға қарап қапаланып қаламын. Олардың бізге артар үміті зор. Сенімдерін ақтауға тырысамыз. Қызметіміз үшін ақы алмаймыз, әрине.

Елімізде 150-ге тарта волонтерлық ұйым бар. 5000-дай ҮЕҰ еріктілердің көмегімен түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған. Бүгінде БҰҰ-мен екіжақты байланыс орнаған. Қазір қазақстандық еріктілер түрлі бастамалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосуда. Ал Елбасының салаға зор көңіл бөлуі жастарды жігерлендіреді, әрі жауапкершілік жүктейді. Ақмарал Сман, БҰҰ Даму бағдарламасының гендерлік саясат бойынша маманы: - Менің ойымша, ол жақсы мотивация. Қандай да болсын мотивация қажетті. Даму уақытында қаржы жағынан, психологиялық жағынан көмек болады. Жастарда не үшін бұлай болып жатыр деген ой туады деп ойлаймын. Қазақстанда волонтерлық салаға көңіл бөлініп-ақ келеді. Арнайы жол картасы әзірленді. Заң да бар. Мемлекеттік тапсырыстар орындалуда. Бастысы, еріктілердің еңбегі еленсе болғаны.