Архив ісін дамытуға арналған мектеп

0
561

Үш күнге созылатын дәстүрлі іс-шара архив ісін дамыту мақсатында 2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірлесіп ұйымдастыруынан бастау алған болатын.


Архив ісін дамытуға арналған мектеп

15 маусымда Президент Архивінде жас архившілердің V Жазғы мектебінің ашылуы болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биылғы жастар форумының жылдағыдан өзгешелігі «Цифрлық трансформация жағдайындағы ұлттық архивтік заңнамалар» атты арнайы тақырыппен аралас форматта (оффлайн және онлайн Zoom платформасында) ұйымдастырылғанында болып отыр.

Жазғы мектептің салтанатты ашы­луында Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Ре­сей мемлекеттік гуманитарлық универ­ситетінің президенті Ефим Пивовар, Бүкілресейлік архив ісі және құжаттану ғылыми-зерттеу институтының директоры Павел Кюнг, Өзбекстан Рес­публикасы «Өзархив» агенттігінің директоры Ұлық­­бек Юсупов, Беларусь архив ісі жә­не құжаттану ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының директоры Андрей Рыбаков қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі.

Форум Қазақстан Президент Әкім­шілігі Жал­пы бөлімінің меңгерушісі Нұрдәу­лет Төлеевтің кіріспе сөзінен басталды. Тыңдаушылардың біліктілігін арт­тыруға, архив ісінде жаңа идеяларды жүзеге асыруға, IT-технологияларды қолдануды ілгерілетуге, қатысушы елдер­дің Архив қызметтері арасындағы әріптестік қатынастарын нығайтуға ықпал ететін танымал диалог және озық тәжірибе алмасу алаңына айналған жас архившілердің Жазғы мектебінің жұмысына жақсы нәтижелер мен сәт­тіліктер тіледі.

«Бүгінде бүкіл әлем жылдам даму өзгерісі жағдайындағы аумалы-төкпелі заманда өмір сүруде. Біріншіден, бұл біздің жаңа сын-тегеу­ріндерге төтеп беруге зеректігімізді тексерсе, екіншіден, жаңа білімді игеру арқылы бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл тезистердің архив ісіне толықтай қатысы бар», деп атап өтті Нұрдәулет Төлеұлы.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Мұстафина өз сөзінде қоғам өмірінің барлық саласында болып жатқан іргелі өзгерістер әр елдің архивтерінің алдына жаңа сын-тегеуріндер қойып жатқанына назар аударды. Бүгінде құжаттарды сақтау архив ісі шеңберінен шығып, әрбір мемлекеттің орнықты дамуының стратегиялық маңызды бағыттарының тізбегіне ие болды. Қазіргі қоғамдағы ақпарат рөлінің артуы архив құжаттарының тұрақты құндылығын арттырды. Осы жаңашыл бастамаларды игеру үшін жыл сайын тілек білдірушілер саны артып келеді. Егер 2017 жылы 49 адам қатысса, өткен жылы – 276, биыл 360 өтініш келіп түсті.

«Бұл жас мамандардың көп бөлігі өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға мүдделі екенін білдіреді», деп атап өтті Әлия Құсайынқызы.

Бүгінде беделі артып, бірнеше елдің белді ғалымдарының басын бір арнаға қосқан жастар форумында жаңа технологиялар мен архив ісі саласындағы заманауи әдістерді үйрету – басты міндет. Осы мақсатта әр елдің архивтерінің үздік мамандары – ресейлік Михаил Ларин, Павел Кюнг, Филипп Тараторкин, Лада Афанасьева, Николай Цыремпилов, белоруссиялық Андрей Рыбаков, өзбекстандық Анваржон Алиев, оңтүстіккореялық Мун Хён Сук, қытайлық Лю ЮэНань мен моңғо­лиялық Баянбилэг Амаржавтан және қазақстандық архивші ғалымдар Әлия Мұстафина, Марс Габбасов және Қайрат Әлімғазинов дәріс оқыды.

Бүгінгі цифрлық форматқа көшу үрдісіне байланысты әлемдегі кешен­ді өзгерістер кезеңінде құнды ақпарат­тарды сақтап қалу бойынша сақтық қадамдары жасалуы қажет. Заман тала­бына сай архивтік құжаттың электрон­дық нұсқасын пайдалану оңтайлы ше­шім болғанымен, цифрлық трансфор­мация технологиясын енгізуде кибер шабуылдардың құрбаны болуы мүмкіндігінің жоғары екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан архивтік құжаттардың түпдеректерін сақтаудың жөні бөлек. Бұл жауапты жұмыстарды игеріп жүрген архившілерге деген талаптар күн санап өсіп, заманауи білікті мамандар даярлау әр мемлекеттің басым бағыттарына айналып отыр. Осы мақсатта ұйымдастырылған Жас архившілердің тәжірибе алмасуға ар­нал­ған дәстүрлі жазғы форумын уақыт талабына сай кадр даярлаудың алаңы деп білеміз. Технологияның тілі қарыштап дамып жатқан заманда ар­хивтік құжаттардың цифрлық фор­матының дерек қорын кәсіби меңгерген архивші мамандар даярлау – бүгінгі бас­ты парыз.

Аталған шара жас архившілердің біліктілігін арттыруға, жаңа технология­лар мен архив жұмысындағы заманауи әдістермен танысуға, архив саласындағы халықаралық қатынастарды дамытуға бағытталған. Іс-шараға отандық архив­шілермен қатар, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея секілді шет мемлекеттердің 350-ден астам маманы қатысты. Биыл өзбекстандық, қырғызстандық архив­шілер жиынның қадірменді қонағы болды. Қазіргі оқытудың онлайн форматы географиялық шеңберді кеңейтіп, қатысушылар құрамын түрлендіре түсті. Тұңғыш рет тыңдаушылар ретінде ТМД елдерінен тыс Қытай және Моңғолия елдерінің архив саласының қызметкерлері қатысты.

Ұйымдастырушылар архив ісін дамытуға бағытталған Жазғы мектептің жас архившілер үшін маңызы зор. Мәдениеті мен өркениеті тоғысқан елдерден келген Форумның қатысушылары келесі жылы Алматы қаласында бас қосып, әлемнің жазба тарихын сақтауда парықты ойларымен бөлісіп, парасатты жиынды жалғастырамыз деп тарқасты.