Костенко шахтасындағы апатта аман қалған 28 кенші арызданған.
ERNUR.KZ. "АрселорМиттал Теміртаудың" шоттары бұғатталғаннан кейін кеншілердің медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарналары түспей қалды, деп жазады sputnik.kz.
Костенко шахтасындағы апатта аман қалған 28 кенші арызданған. Барлығы ауруханадан шықты. Қазіргі кезде үйде емделіп жүр. Бірақ медициналық қызметтен қағылуы мүмкін. Себебі медициналық сақтандыру жарналары түспей қалды. Соңғы айдың төлемі аударылмады. Сөйтсе, "АрселорМиттал Теміртау" қызметкерлерінің бәрі ондай проблема тап болды. Себебі компанияның шоттары бұғатталды.
Медициналық сақтандыру қорының облыстық филилы бір айлық жарнаның түспей қалғанын растады. Ал "Медициналық сақтандыру туралы" заңға сәйкес, медициналық көмек алу үшін соңғы 12 айдың жарнасы аударылуы тиіс.
Сондай-ақ, кеншілердің зейнетақы жарналары да түспей қалған.
Айта кетері, қазіргі кезде Костенко шахтасындағы апатқа байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы, 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша тергеу жүріп жатыр. Бас прокуратура оны бақылауда ұстап отыр. Қадағалау органының басшысы Берік Асылов депутаттарға жіберген жауабында "АрселорМиттал Теміртаудың" тәріпке неге себепті бағынбағанын айтты.
28 қазанға қараған түні Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан жарылып, салдарынан 46 кенші көз жұмды. Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министрдің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды. 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.