Artsport бағдарламасы жасөспірімдер қылмысын төмендетуге ықпал етті - Аружан Саин

0
485

​​Artsport бағдарламасы іске қосылған кезден бастап жасөспірімдер мен балалар қылмысы төмендей бастады.


Artsport бағдарламасы жасөспірімдер қылмысын төмендетуге ықпал етті - Аружан Саин

ERNUR.KZ. Бұл туралы еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Егер 2018 жылы жасөспірімдер мен балалар жасаған үш мыңға жуық қылмыс тіркелсе, 2021 жылы Artsport реформасы басталған кезден қылмыс саны екі есеге азайды. Бұл өз кезегінде осыған дейін үйірме ақысын төлей алмай келген отбасылардың балалары спортпен және шығармашылықпен айналысуға бет бұрғанын, сол үйірмелерде достары мен тәлімгерлерді, жаттықтырушылар мен мұғалімдерді тапқанын байқатып отыр. Яғни, олар көшеде, интернетте көретін түрлі деструктивті процестерден алыстай бастады. Олар өздерін дамытатын бағыттарды таңдап, шын мәнінде оңтайлы көрсеткіштер бірден көрінді», - деді А. Саин еліміздегі жасөспірімдер мәселесі бойынша онлайн режимде өткен жиында.

Оның айтуынша, бұл бағдарлама аясындағы жұмыстар біршама тежеліп, қаржыландыру саласындағы мәселелер болған кезде, балалар арасында қылмыстар саны қайтадан өскен.

«Секциялар мен үйірмелердің біразы жабылды, өйткені тиісті қызметтер үшін төлем тоқтап қалды. Осының салдарынан балалар жасаған қылмыстардың көбейгенін бірден байқадық», - деді Аружан Саин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Артспортқа бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін бақылайтын жұмыс тобы құрылады.

Жыл басында Artsport бағдарламасы жаңа форматта жалғасатыны айтылды.

2022 жылы күзде Artsport жобасындағы бірнеше спорт түрі қысқартылғаны белгілі болды.