Ол Adaldyq alany жобалық кеңсесінің жұмыстарына жауапты болады.
Танымал актер Артур Төлепов Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы актер Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады. Актердің сөзінше, ол Adaldyq alany жобалық кеңсесінің жұмыстарына жауапты болады.
"Дүниедегі ең оңай жұмыс - кеңес беру ақыл айту. Ең қиыны - біреуге айтқан кеңесің мен ақылыңды өзің жасау. Сондықтан, жап-жас басымызбен кеңседе кеңес беріп отырмай, елдік жұмыстарға тікелей араласқан жөн болар деп ойлап, Алатау ауданындағы Adaldyq alany жобалық кеңсесінің жұмыстарын да мойынымызға алып жатырмыз.
Adaldyq alany - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жобасы. Мақсаты - жемқорлыққа апаратын салдарды анықтау және болдырмау. Әсіресе, тұрмыстық коррупцияның алдын - алу. Жобаның фронт - кеңселері еліміздің барлық облыс орталықтары мен аудандарында бар. Соның бірінің жұмысы енді бізге жүктеліп жатыр", - дейді актер.
Төлепов халықтың қолдауы, ұсынысы мен пікірі қажет екенін айтады.
"Ақын болу-өз еркің, азамат болу - міндетің!" - дегендей актёр, әнші болу еркімдегі шаруа ғой. Өнер - менің еркіндігімнің әлемі. Алайда, қоғамдық-саяси жұмыстарға араласу - біздің азамат ретіндегі міндетіміз.
Әрине бұл жолда сіздердің де қолдауларыңыз, ұсыныс-пікірлеріңіз керек. Өйткені, жемқорлықты Артур Төлепов емес, адалдық жеңеді. Ал, адалдық патшалығын Adaldyq alany кеңсесі емес халық құрады", - деді актер.
Айта кетейік, Артур Төлепов "Жаужүрек мың бала" фильмінде және "Золушка Зауре", "Менің мектебім", "Тәуекел" телехикаяларына түскен. Одан бөлек, актер ән өнерін де қатар алып жүр.