Аружан Саин: 200 миллион теңгені мойныма алмаймын

0
1 072

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл "111" байланыс орталығына қатысты проблеманы көтерді. Ол бұл нөмір үкімет қаулысы бойынша тек балалар құқықтарын қорғауға арналғанын айтып отыр.


Аружан Саин: 200 миллион теңгені мойныма алмаймын

ERNUR.KZ. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин "111" байланыс орталығына қатысты мәселені ашық айтты, деп жазады sputniknews.kz.

Оның айтуынша, 2005 жылдан бері үкіметтік емес ұйымға тиесілі "150" деген байланыс нөмірі бар.

"Бізде бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылғанда үкіметтік емес ұйым осы "150" тегін байланыс нөмірін пайдалануды талай ұсынған. Оған балаларға қатысты барлық сұрақ жолданады. Ол барлық ақпаратты талдаудан өткізіп, уәкілге беріп тұруға дайын болды. Алайда оны ешкім тыңдаған жоқ. "111" деген басқа байланыс орталығы құрылды. Жаңылмасам, осы орталыққа үш жылдың ішінде мемлекет бюджетінен 533 миллион теңге жұмсалды", - деді Саин астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Уәкілдің сөзіне қарағанда, бас кезінде "111" білім және ғылым министрлігінің қарауында болды. Сонда алғашқы жылы 167 миллион теңге бөлінді. Одан кейін орталықты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ауыстырып тастады. Бюджеті 200 миллион теңгеге дейін артты. Ал орталықтың өзі кредит, атаулы әлеуметтік көмек, еңбек заңнамасы және тағы басқа мәселелер бойынша кеңес бере бастады. Алайда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзінің "1411" байланыс орталығы бар. Үкімет қаулысы бойынша "111" нөмірі балалар құқықтарын қорғауға арналған.

"Меніңше, үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін барынша пайдаланған дұрыс. Себебі осы ұйымдар кейбір жұмысты жақсы істейді, ақшаны да үнемдеуді біледі. Мен 200 миллион теңге үшін жауапкершілікті мойныма алмаймын. Себебі ол ақшаның жұмсалуына қатысты бірқатар сұрағым бар", - деді Саин.

Саинның айтуынша, тиісті хат еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, есеп комитетіне және сыбайлыс жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жіберілген.

Өз сөзінде уәкіл бір резолюцияны қабылдау үшін не үшін бірнеше конференция өткізілетін түсінбейтінін жеткізді. Себебі ондай шараларға миллиондаған ақша жұмсалады. Сол сияқты дайын байланыс орталығы тұрғанда жаңасын құрып, оған 200 миллион теңге бөлген де орынсыз. Оның айтуынша, бұл ақшаға мүгедек балаларға протез жасауға болады.