АРЫСҚА КӨМЕК: Павлодарлықтар 90 тонна жүк жөнелтті

0
1 359

Бір күннің ішінде қала тұрғындары мен кәсіпкерлер 90 тонна азық-түлік пен тұрмысқа қажет заттарды жинап берген.


АРЫСҚА КӨМЕК: Павлодарлықтар 90 тонна жүк жөнелтті

ERNUR.KZ. Бүгін Павлодар қаласынан Арысқа азық-түлік тиелген жүк көліктері жөнелтілді, деп жазады baq.kz.

Nur Otan париясы облыстық филиалынан бес КАМаз көлігі және Екібастұз қаласынан тағы бір жүк көлігі аттанды.
Партия филиалы төрағасының орынбасары Николай Дычконың айтуынша, бір күннің ішінде қала тұрғындары мен кәсіпкерлер бас-аяғы 90 тонна бұзылмайтын азық-түлік пен тұрмысқа қажет заттарды жинап берген.

«Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеді. Арыс тұрғындарының қиын жағдайына бейжай қарай алмадық. Қайырымдылығымызды көрсетіп, қолдауымызды жеткізуді мақсат еттік», - дейді Николай Дычко.

Көмек қолын созғандардың қатарында бизнес құрылым өкілдері, қарапайым тұрғындар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері болды.
Айта кетейік, Ертіс өңірінің белсенді жастары да Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындарының жағдайына алаңдаулы. Көмек қолын созуға ниет білдіргендердің қатарында «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер бар. Ал «Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалыспақ.

«Бүгінде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 500-ден астам студент оқиды. Олардың қатарында Арыс өңірінің 40 баласы бар. Олар Арыс қаласынан жазғы уақытта облыстың лагерьлеріне демалуға келетін оқушыларға психологиялық көмек көрсеткісі келеді», - дейді жоғары оқу орнының өкілі Ғабит Хафиз.